МТРА жаңалықтары

“Северный бройлер” құс фабрикасы айына 306 мың дана жұмыртқа бастырады

Бұл – өңірімізге танымал “Северный бройлер” серіктестігі. Кәсіпорын Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында орналасқан. Неге танымал десеңіздер, бұл – облысымыздағы ең ірі құс фабрикаларының бірі. Қуаттылығы жылына 6 мың тонна ет өндіруге жетеді. Кәсіпорын 2022 жылы ашылған. Жоба құны 5 млрд 469 млн теңгені құрайды.

ЕРКЕШ САҒДЕЕВ, “Северный бройлер” құс фабрикасы” ЖШС директорының орынбасары:

– Серіктестікте 180 адам жұмыс істейді. Әрқайсысының жалақысы 250 мыңнан кем емес. Біздегі балапандар 40 күннің ішінде өсіп шығады.

Осы орайда арнамыздың түсірілім тобы сәрсенбінің сәтті күнінде серіктестіктің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Фабрикадағының барлығы жаңа. Қондырғылар Германиядан жеткізіліпті. Олар өз істерін сапалы әрі жылдам атқарады. Серіктестік алдағы уақытта құс өсірілетін ғимаратты ұлғайтып, өндірілетін өнім көлемін 2 есеге арттыруды жоспарлап отыр.

ЕРКЕШ САҒДЕЕВ, “Северный бройлер” құс фабрикасы” ЖШС директорының орынбасары:

– Айына 306 мың дана жұмыртқа бастырамыз. Оның әрбіреуі Чехиядан әкелінеді. Ресейдің Калининград қаласынан протеин алдыртамыз. Соның арқасында олар жылдам өсіп-жетіледі. Кәсіпорын биылдан бастап толық өндірістік қуатқа шықты.

Қазіргі таңда серіктестік мамандары сойылған бройлер тауықтарын жинауда. Қызметкерлер өнімді бөлшектеп, саудаға жөнелтеді. Өңір тұрғындары серіктестік шығарған өнімді облыс орталығындағы супермаркеттердің сөрелерінен таба алады. Әділхан Дінәсілов – Аралағаш ауылының тұрғыны. Азаматтың 5 баласы бар. Ол серіктестіктің сою цехінде жұмыс істейді. Іскер жан теріскейге оңтүстіктен көшіп келген. Оған өз жұмысы ұнайды. Себебі, кәсіпорын басшылығы қызметкерлеріне зор қолдау көрсетеді екен.

ӘДІЛХАН ДІНӘСІЛОВ, “Северный бройлер” құс фабрикасы” ЖШС қызметкері:

– СҚО-ға көшіп келгеніме 14 жыл болды. Өзбекстанның қазағымын. Аралағашта тұрып жатқаныма 6 жыл болды. Өзім тұрып жатқан ауылда осындай ауқымды серіктестік барына қуаныштымын.

Серіктестік ашылған жылы мұнда 70 адам ғана жұмыс істейтін. Қазір олардың саны 2,5 есеге артқан. Мемлекет қолдауының арқасында Аралағаш және маңайдағы ауыл тұрғындарының екі қолына бір күрек табылды десек артық айтқандық емес. Мұндай игі бастамалар теріскейдегі елді мекендердің дамып, тұрғындардың ауылдан көшпеуіне зор септігін тигізеді.

 

Нұрасыл Ахмет