Спорт

Қызылжарлық жекпе-жекшілер жарыстан жеңіспен оралды

Қарапайым спорт залы. Күн сәулесі түспейтін жертөледе жас спортшылар жаттығып жатыр. Арасында ересегі де, кішкентайы да бар. Жақында бұл балалар батырлардың ізі қалған өңірдің атын шығарды. Олар көршілес облыста өткен жарыста мықтылардың қатарынан көрінді.

ЖАЛҒАС ТОРТУЛОВ, СҚО жекпе-жек федерациясының президенті:

– Ақпанның 6-сы мен 9-ы арасында Қосшы қаласында ұлттық жекпе-жек түрінен республикалық еске алу турнирі өткен болатын. Қызылжардан 20 спортшы қатысты. Жарыстың нәтижесі бойынша 2 баламыз чемпион атанды, 3 баламыз күміс жүлде иеленді, ал 2 спортшымыз қола медалді қоржынға салды.

Жекпе-жекте аяқ-қол қатар қимылдау қажет. Күрес өнерін де білу маңызды. Қосшыда жерлесіміз Рамазан Баратов қарсылас шақ келтірмеді. Олар 70 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. “Әке көрген оқ жонар” дегендей, жігерлі жасты әкесі бапкеріне тапсырыпты.

РАМАЗАН БАРАТОВ, “Қызылжар” спорт клубының мүшесі:

– Мен – Шымкент қаласының тумасымын. Осында жақында әкем алып келді. Осы спорт түрімен айналысып, болашақта Шавкат ағамыз сияқты чемпион болғым келеді.

Қуантатыны, облыста жекпе-жек спортына қызығушылардың саны артуда. Қазірдің өзінде мұнда телефон шұқылағаннан залда шыныққанды құп көретін 80-нен астам жас жүр. Олар алда жеңістен үмітті. Толағайларымыз ақпан айының соңында Астанаға барып, тағы бір турнирде бақ сынамақ.

Севара Зияханова, Шернияз Иманов, МТРК