Бүгін “Қызылжар” креатив орталығында домбыра шертіліп, қобыз тартылды. Мұндай құрмет елдің дамуы жолында талай жыл тер төккен теріскейлік еңбек адамдарына көрсетілді. “Адам – еңбегімен абыройлы” атты шараға өңіріміздің түкпір-түкпірінен қазыналы қарттарымыз шақырылыпты. Олардың бірі бұрын механизатор болса, екіншісі трактор тізгіндеген, ал үшіншісі өндірістік жабдықтарға техникалық қызмет көрсеткен немесе слесарь болған.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бүгін 6 адам келді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, аудан әкімдерінің орынбасарлары бірге келді. Құрмет көрсетеміз.
Тәрбиелік мәні зор шара басында қарттарымыз сахнаға шақырылды. Жалындағын жастық шақтарында алқапта аянбай жұмыс істеген жандарды жастар көрді, өміржолдарымен танысты.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бұл бірінші және соңғы жиын емес. Әлі жалғасын табады. Жастарды қостық. Олар еңбек адамдары ел ішінде қашан да қадірлі екендігін білулері тис.
“Шын көңілден” атты әлеуметтік-мәдени жоба аясында ұйымдастырылған кездесу соңында Ескендір Есмақұлы құрметті қонақтардың кеудесіне ардагерлер кеңесінің “Құрметті ардагер” төсбелгісін тақты.
Байболат Құлтанов