Ағымдағы жылдың 5-ші сәуірі күні мопедтерді механикалық көлік құралдарына теңестіретін заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Осыған орай қазір елімізде қос дөңгелекті көліктерді тіркеу жұмысы жүріп жатыр. Өңір аумағында атқарылған жұмыс жайлы журналистерге арнайы баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталығының бастығы:
– 2025 жылғы қаңтардың 18-і мен ақпанның 11-і аралығында СҚО ПД-ның процессингтік орталығына және Петропавл қ. ХҚКО-на мопедтерді тіркеу жөнінде 174 өтініш келіп түсті, оның ішінде 171 мопед тіркеуге алынды.
Мопедтерді барлығы бірдей басқара алмайды. Тұлғада арнайы куәлік болу қажет. Ал мұндай құжат белгілі бір жасқа жеткен адамдарға ғана беріледі.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталығының бастығы:
– А1 санатындағы жүргізуші куәлігі 16 жастан беріледі. Сонымен ғана жүру қажет. Егер мопед тіркелмесе, оны басқаруға болмайды.
Егер тұлға арнайы куәліксіз қос дөңгелекті көлікті басқарса, жылжымалы құрал айыптұрағына қойылады. Елімізде мопедтер жайдан-жай тіркеліп жатқан жоқ. Соңғы жылдары мұндай темір тұлпарды тізгіндейтіндер көбейді. Тиісінше, апат саны артты. Мысалы, былтыр мопед жүргізушілерімен 22 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 27 адам жарақат алыпты.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталығының бастығы:
– Жүргізуші куәлігін алу үшін 16 жастағы бала арнайы мектепте оқиды. Тест тапсырады, тәжірибелік емтихан тапсырады.
Мопедтерді тіркеу жұмысы көп уақыт алмайды. Тиісті талапты орындау үшін тұлға тәртіп сақшыларына немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.
Байболат Құлтанов