Қоғам

“Солтүстік Қазақстан” газетіне – 105 жыл

Талай тұлғаның табаны тиіп, қаламының ізі қалған “Солтүстік Қазақстан” газетіне биыл – 105 жыл. Осыған орай Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында әдеби кеш өтті. Шараға қара шаңырақ қабырғасында тер төккен қаламы қарымды тілшілер, ақын-жазушылар қатысты. Бір ғасырдан астам тарихы бар мерзімді басылым осы күнге дейін 5 рет атауын өзгерткен. Алғашында “Кедей сөзі” атауымен жарық көрген газеттің қазіргі таңда 10 мыңға жуық тұрақты оқырманы бар.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:

– Газеттің тарихы өте бай. Оның негізін Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев сияқты Алаштың арыстары қалаған. “Кедей сөзі” Омбы қаласында жарық көрген. Кейін Петропавл қаласына көшіп, “Бостандық” деген атаумен шықты.

Алаш қайраткерлерінің мақсаты газет шығарып, халықты сауаттылыққа шақыру, үйрету болды. Жолда талай қиындық тұрды. Дегенмен, арыстарымыз қолдан келгеннің барлығын жасады, тіпті, ақша жинап, басылымның ғұмырын жалғастырды. Заман ағымына қарай тілшілер де ауыса береді. Өңірге танымал азамат Жарасбай Сүлейменов өзінің журналистік еңбек жолын осы газет қабырғасында бастаған. Табаны күректей 30 жыл тер төкті, осылайша алға жылжуға үлес қосты.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:

– Мен өзімнің еңбек жолымды осы газеттің қабырғасында бастадым. Әскери қызметтен оралғаннан кейін жұмысқа тұрдым. 2003 жылдан бері осы жерде басшылық еттім.

Кеш барысында саланың жілігін шағып, майын ішкен тілшілер жастарға газеттің тарихы жайлы, журналистік өмір жолдары туралы айтып берді. Қазіргі таңда аға буынның ізін басар жас мамандар баршылық. Соның бірі – Ұлданай Ниетбаева. Жергілікті университетте қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп жүрген студент “Солтүстік Қазақстан” газетін сүйіп оқиды, жақын арада осы жерде жұмыс істегісі де келеді.

ҰЛДАНАЙ НИЕТБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Газетті арасында оқып тұрған жөн. Газеттен бөлек, интернеттегі мақалаларын да оқып тұрамын. Ол жерде бір бағытта ғана емес, әртүрлі бағытта тақырыптар қозғалып жатады.

Жалпы айтатын болсақ, бүгінде қара шаңырақта 13 маман қызмет етуде. Ал газет аптасына 2 рет шығады. Таралым саны 10 мыңға жуықтайды.

 

Мәдина Қаби