Бәрімізге белгілі, ел чемпионатының биылғы маусымында “Құлагер” ХК нашар өнер көрсетіп, турнирлік кестеде 11 команданың ішінен 10-шы орын алды. Статистикаға келетін болсақ, жергілікті имек таяқ шеберлері 40 ойын өткізіп, оның 29-да жеңіліске ұшыраған. Барлық матчта 131 шайба өткізген. Бас шайқауға болады. Командаға әр жыл сайын жүздеген миллион қаржы бөлінеді. Сонда қомақты ақша желге ұшып тұр. Орын алған сәтсіздікке кім жауапты? Осы жайында арнамыздың түсірілім тобы клуб басшылығымен тілдесті.
ИГОРЬ ШЕРСТОВ, “Құлагер” ХК директоры:
– Мен командаға шілде айынан бері басшылық етемін. Сол сәтте жаттықтырушы құрам да ауысты. Әрине, бұл да әсер ететін фактор. Бірақ, ешкімді кінәлай алмаймын. Жасыратыны жоқ кейбір ойыншылар маусымға 1,5 ай қалған кезде ғана дайындалады. Биыл командада біршама өзгерістер орын алады. Келесі маусымға әзірлікті осы айдың соныңан бастаймыз.
Бұл ретте сәтсіздікке бір ғана адамды кінәлауға болмайды. Клуб директорымен тілдесу барысында команда ішінде тәртіп жоқ екенін жасырмады. Тіпті, жаттығуға үнемі кешігіп келетін ойыншылар да бар екенін айтты. Командада 11 шетелдік хоккейші бар. Әрбіреуі ай сайын миллиондаған жалақы алатыны сөзсіз. Легионерлерге қыруар қаржы құртпай, еріп келе жатқан жастарға көңіл бөлсе, олар теріскейдің намысын абыроймен қорғар еді деген ой келеді.
ИГОРЬ ШЕРСТОВ, “Құлагер” ХК директоры:
– 2024 жылы “Құлагер” ХК бюджеті 775 млн теңгені құрады. Әрине, бұл аталған спорт түрі үшін аз қаржы. Бірақ, мойындаймын сүреңсіз өнер көрсетуіміздің себебі бұл емес. Жаттықтырушылар құрамы өзгермейді. Команда жаңа ойыншылармен толығатын болады. Ендігі жылы плей-офф кезеңіне өтіп, маусымды сәтті аяқтағымыз келеді.
Роман Коваленконың жергілікті хоккей клубтың сапында жүргеніне 2 жыл болған. Имектаяқ шебері мұндай сәтсіз кезеңдер әр клубтың басынан өтетіндігін айтты. Келесі маусымда қателіктерден сабақ шығарып, мықты болып оралатындарын жеткізді.
РОМАН КОВАЛЕНКО, “Құлагер” ХК қорғаушысы:
– Хоккеймен 6 жасымнан айналысамын. Имек таяқты қолға алғаныма 24 жыл болды. Әрине, биыл сәтті өнер көрсетпедік. Бірнеше шайба айырмасымен жеңіліске ұшараған ойындарымыз көп болды. Бірақ, біз мойымаймыз. Жанкүйерлерімізді жарқын жеңістермен қуантатын боламыз.
Жергілікті хоккей клубы айдың соныңда жанкүйерлермен кездесетін болады. Түсірілім кезінде құлагердің жасөспірімдер құрамасы астаналық командамен кездесу өткізді. Өрендеріміз 1-ші кезеңнің өзінде 0 де 6 есебімен жеңіліп жатты.
Нұрасыл Ахмет