Қоғам

Еңбек адамы – елдің байлығы

Теріскейде жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары қарқынды жүріп жатыр. Өңірімізде аталған мәселені шешу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін Петропавлда “Еңбек адамы – елдің байлығы” атты кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Басты мақсат – екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек көрсету. Игі шараға мұрындық болған – облыстық “Еңбек мобильділігі” орталығы.

АМАН ТӨРЕГЕЛДИН, СҚО “Еңбек мобильділігі” орталығының директоры:

– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тек қалада ғана емес, облысымыздың барлық ауданында өтіп жатыр. Шараға бізде тіркеуде тұрған адамдардың барлығын шақырдық. Биыл 180-нен астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Жәрмеңкеге қаладағы мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындардан 20-дан астам жұмыс беруші қатысты. Олар тұрғындарға мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде “Электронприбор KZ” серіктестігі де бар. Компания өкілдері игі шараға бірінші рет қатысып отыр.

АЛЬБИНА ЯФАРОВА, “Электронприбор KZ” ЖШС HR-менеджері:

– Соңғы 3 жылдың ішінде серіктестіктің ауқымы 3 есеге өсті. Сондықтан, жалындап тұрған жастарды жұмысқа алғымыз келеді. Бізге сату бөліміне менеджерлер керек. Барлығын өзіміз үйретеміз. Компанияға енді жұмысқа тұрған адамдардың өзі кемінде 300 мың теңге айлық алады. 1 сағаттың ішінде 10-ға жуық адаммен сөйлестік. Кәсіпорынға әңгімелесуге шақырдық.

Жәрмеңкеге жергілікті жоғары оқу орны мен түрлі колледж студенттері көптеп жиналған. Соның бірі – Сергей Вечканов. Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті биыл оқуын тәмәмдап, қолына дипломын алады. Игі шара тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмыспен қамтуға зор септігін тигізеді дейді болашақ маман.

СЕРГЕЙ ВЕЧКАНОВ, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Өзіме қолайлы жұмыс іздеп жүрмін. Бірнеше ұйым өкілдерімен сөйлесіп көрдім. Маған ұнады. Колледжде біраз дүние үйрендім. Соны өз пайдама жаратып, табыс тапқым келеді. Негізі, адам қаласа, кез келген жұмысты істей алады.

Қазіргі таңда тұрғындар жұмыссыз ретінде тіркелу үшін “Мансап” немесе “Еңбек мобильділігі орталығына келуі міндет емес. Адамдар сағаттап кезек күтпей-ақ электронды форматта өздерінің түйіндемелерін жібере алады. Осы ретте сандарды сөйлетсек, 2024 жылы 20 мың жерлесіміз екі қолға бір күрек тапқан. Оның 4 мыңы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы жұмысқа тұрған.

 

Нұрасыл Ахмет