Ауыл шаруашылығы

Диқандарға тиесілі отынды мақсатсыз жұмсағандар қатаң жазаланады

Маңызды кезеңнің де ауылы алыс емес! 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстары аясында Қазақстанда 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Бүгінгі Үкімет отырысында еліміздің бас диқаны Айдарбек Сапаров осындай мәлімдеме жасады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Бидайға тәуелділікті төмендету маңызды қадам болып қала береді: екі жыл ішінде оның алаңы 730 мың гектарға қысқарды. Зығыр мен рапс бағасы тоннасына 200 мың теңгеге жеткенде, нарықта сұранысы жоғары майлы және бұршақ дақылдарына баса мән берілді. Бұл аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің табыстылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

Шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 400 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны дайындалды. Оны жеткізу мерзімі – осы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығы. Отырыс барысында Премьер-Министр еңбек адамдарына тиесілі отынның мақсатсыз жұмсалуына жол бергендерге қатаң шаралар қабылдауды тапсырды

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңір әкімдері арзандатылған отынның тиісті көлемін жеткізуді бақылауда ұстасын. Әкімдіктер бір апта мерзімде өңірлік операторлар бойынша толық деректерді берсін. Шаруаларға тиесілі отынның сатылып кетуіне жол беретін компаниялар мен жеке тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырамын.

Сонымен қатар, Олжас Бектенов тиімділігі мен жауапкершілігі жоғары дихандарды қолдауға ғана жеңілдетілген несие беруді тапсырды. Қоса кету қажет, биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жеткізілді.