Петропавлдағы “Қазетөнім” серіктестігі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Аталған кәсіпорын өкілдері дәмі тіл үйірер шұжық пен тұшпара дайындайды. Басымдық алғаш аталған өнімге берілген. Пісірілген де, ысталған да, өзгесі де осында әзірленеді.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Менің қолымдағы шұжықтарды жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Біреу білсе, біреу білмейді, бұл өнім дайын түріне дейін 8 кезеңнен өтеді. Қаншама жұмыс артта қалады. Қазір бұл шұжықтар арнайы цехқа жеткізілмек. Сол жерде мамандар өңдеп, одан сайын дәмді қылады.
Әр маман өз міндетін бес саусақтай біледі. Біреуі де қарап тұрмайды. Мына залдағылардың басым бөлігі – азаматшалар. Дегенмен, еңбексүйер нәзікжандылар қара жұмысқа әбден үйренген.
Виктория Девивье бұған дейін бірталай жерде тер төккен. Жанына жұмысшы мамандықтары жақын. “Қазетөнім” серіктестігінде шұжықтарды қалыптаушы ретінде еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Бүгінде жиен сүйіп отырған жерлесіміз әлі де жұмысқа ынталы.
ВИКТОРИЯ ДЕВИВЬЕ, “Қазетөнім” ЖШС қалыптаушы маманы:
– Жұмысымыз жеңіл деп айта алмаймын. Физикалық тұрғыда күш қажет. Бір орында отырмаймыз, аяқтарымыз талады. Бірақ, аянып қалмау керек. Біз – халықты азық-түлік түрімен қамтып отырған жандармыз. Өкінішке қарай, қатарымызда жастардың саны аз. Келгілері келмейді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, жастар елдің дамуына үлес қосу керек. Бос немесе табысы төмен қызметте жүргенше, осындай мекемелерде жұмыс істеген дұрыс.
Ал Мария Захарченя – жас буынның өкілі. Әдетте мұндай қыздар кеңседен табылып жатады. “Бес саусақ бірдей емес” дегендей, еңбекке құштар қала тұрғыны үлкен өмірге қанат қаққанда бірден азық-түлік өндірісін таңдапты. Ол серіктестік шығаратын әрбір өнімнің сапасына жауапты.
МАРИЯ ЗАХАРЧЕНЯ, “Қазетөнім” ЖШС технолог-шебері:
– Жұмысқа таңғы 8:30-да келеміз. Мамандарды таситын арнайы автобус бар. Өзім – ауылдың қызымын. Сондықтан болар қара жұмыс жаныма жақын. Еңбек етіп жүргеніме 5 жыл болды. Жалақымыз жақсы, басшылық қолдау көрсетіп тұрады. Дайындалатын шұжыққа қандай ет пен дәмдеуіштер қосылады, қалай әзірленеді – мен осыларды қатаң бақылаймын. Өзге салаға ауысу жайлы мүлде ойламаймын.
Жалпы, бүгінде Петропавлдағы “Қазетөнім” серіктестігінде 105 адам жұмыс істейді. Ал шығарылатын тауар түрі 180-ді құрайды. Білек сыбана іске кірісетін мамандар күн сайын 3 тонна өнімді сауда орындарына жөнелтеді.
Байболат Құлтанов