2024 жылдың қорытындысы бойынша ерікті қоныс аудару аясында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 8 950 адам, оның ішінде 3 000 қандас және 5 950 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді деп жазылды Еңбек және халықты әдеуметтік қорғау министрлігінің сайтында. 2 жарым мыңнан астам адам Солтүстік Қазақстан облысына келген. Елге келген қандастарымыздың мыңнан астамы Моңғолиядан, Өзбекстан мен Қытайдан мыңға жуығы, 200-ге тарта Ресейден және 100-ге жуығы басқа елдерден қоныс аударыпты. Келушілер қатарынан еңбекке қабілетті жастағы 4 279 адамның жартысынан астамы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл – денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп саласы. 207 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысуда, бизнес ашу үшін 25 адам грант алған. Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары ұсынылады.
Қоныс аударушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары:
– отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
– отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
– қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
– жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
– экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Сондай-ақ, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.
Данаш Хамза