ТЖ

СҚО-да өрт саны көбейді

Облыста өрт азаяр емес, керісінше көбейген. Қаңтардан бері өңірде 54 өрт болған. Оның 15-і Петропавлда тіркеліпті. Өткен аптаның өзінде тілсіз жау 38 рет бас көтерген. Бір айдың статистикасы былтырғының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға көп. Өрт салдарынан 6 адам қаза тапты. Оның 5-еуі – тұтас бір отбасы мүшелері. Еске сала кетейік, Ступинка ауылындаы, “Рахат” сауда үйі мен жабық манеждегі алапат өрттің шығу себебі әлі анықталмапты.

ЕРЖАН ШӘРІПОВ, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– От көп жағдайда сымның қысқа тұйықталуынан немесе пештегі ақау салдарынан туындайды. Мәселен, осы демалыста аталған себептен шыққан 3 өрт тіркелді. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттен келген материалдық шығын 5 млн теңгеден асады.

Мамандар өрт қауіпсіздігін білген жан өз өмірін сақтайды дейді. Осы ретте құтқарушылар жүргізген түсіндіру дәрістерін зейінмен тыңдау керек. ТЖД қызметкерлері қазір жергілікті орган өкілдерімен бірігіп, әлеуметтік осал топтардың қатарына жататын отбасыларды аралап, үйлеріне датчик орнатып беріп жатыр. Жылыту маусымы басталғалы осындай 2 мың құрылғы іске қосылған.

ОЛЖАС ЖҮНІС, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:

– Біз тұрғындардан қатаң түрде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Жарығы бар пешті жақпау керек, одан түтін шығып, уланып қалуларыңыз мүмкін. Электрикалық вилканы міндетті түрде розеткадан суырып қою керек, ал ақауы барын мүлдем пайдаланбау қажет. Көгілдір отынды қолданудың да белгілі бір тәртібі бар.

ТЖД қызметкерлері алдағы уақытта адам көп шоғырланған жерлерде өрт қауіпсіздігінің сақталуын тексереді. Бүгінде арнайы комиссия құрылған.

 

Мәдина Қаби