ТЖ

Петропавлда қар шығару және суағарларды тазалау жұмыстары қарқын алды

Петропавлда суағарларды тазалау жұмысы қарқын алды. Биыл жауапты ұйым өкілдері жылдағы іске ерте кірісті. Ағымдағы жылы аққайыңдар өлкесіне көктем кеш емес, ертерек келеді деген болжам бар. Қазақ театры маңындағы Ысмаилов көшесінің бір бөлігі төмендеу орналасқан. Күн жылынғанда жылт-жылт еткен тіршілік көзі Есілге қарай қиындықсыз ағып кетуі қажет. Сол үшін “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” коммуналдық кәсіпорны мамандары тер төгуде.

Сонымен қатар, облыс орталығында қар шығару жұмыстары да жүріп жатыр. Жауапты шаруа қаланың барлық ауданында қолға алынған. Мұны халық көріп және естіп жүр. Іске көңілдері толады.

– Көшелердің, өткелдердің тазаланып жатқанын көргенде қуанып қаламыз. Биыл қар аз. Бірақ, жұмыс күндіз-түні жүріп жатыр. Мамандардың жұмысына “5” деген баға қояр едім.
– Без проблем можно проехать. Ребята стараются.

Қалалық әкімдік әр тұрғынның өтініш қабылдауға дайын. Егер белгілі бір жерде қар шығарылмаса немесе суағарлар тазартылмаса, халық жауаптыларға жүгіне алады.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Үйлерге су кіргізбес үшін суағарларды қар мен мұздан тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жеке секторда да қар тазаланады. Ол үшін тұрғындар ауладағы қарды бір жерге үйіп қоюлары қажет.

Көктемде тізеден су кешпеу үшін тиісті шараларға басымдық берген абзал! Бүгінде Петропавлда 150 адам осындай ұранмен күнделікті жұмыс істеп жатыр. 120 техника жұмылдырылған. Мамандардың күшімен шаһардан 500 мың текше метр қар шығарылыпты.

 

Байболат Құлтанов