Петропавлда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Қалалықтар үшін арнайы ұйымдастырылатын тиімді шара “Алтын арман”, “Қызылжар Ақбастау”, “Дәрия” сынды 3 базарда қанат жайды. Бұл жолы облыс орталығына 7 ауданнан 25 түрлі өнім жеткізілді. Сиыр, қой, шошқа, құс еті, 666 келі сүт өнімдері, 170 келі бал, 745 келі картоп, сәбіз, қызылша, орамжапырақ, сарымсақ, балық және 6750 дана жұмыртқа сөреге қойылды. Бұлардың барлығы нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзан сатылды. Мысалы, жақында ғана қымбаттаған картоптың келісі жәрмеңкеде 150 теңге болды. Өнім толығымын сатылып, кәсіпкерлердің табысы 112 мың теңгені құрады. Жалпы, шара барысында 3 тонна 761 келі өнім өткізілді. Оның жиынтық құны 4 млн теңгеден асты. Ал жыл басынан бері облыс орталығында 15 жәрмеңке ұйымдастырылды. Қалалықтарға құлаққағыс, кезекті шара алдағы сенбі күніне жоспарланған!