Әлеуметтік желілерден автобустар мен өрт сөндіру көліктерінің соқтығысып жатқанын жиі көреміз. Көбінесе, қоғамдық көліктер от шыққан үйлерге асығып бара жатқан құтқарушыларды бөгеп жатады. Өрт кезінде әр минут, әр секунд санаулы екенін ескерсек, бұл жағдайлардың алдын алу аса маңызды. Сол мақсатта облыстық ТЖД автопарк басшыларымен кездесу өткізді.
МАРАТ СЫЗДЫҚОВ, СҚО ТЖД өрт сөндіруді және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары:
– Күн сайын кезекшілікке түсетін құтқарушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мамандарымыз әрқашан сақ болуы міндетті. Өрт шыққан орынға асығып бара жатса да жүргізуші жан-жағын байқап, әрекет етуі тиіс. Сондай ақ, автопарк басшыларына жүргізушілерге дабыл сигналы қосылған өрт сөндіру көлігін көрсе, жол беру керектігі жайында айтуын сұраймын. Бәрімізге белгілі, екеуі де ауыр көлік түріне жатады. Одан қалды, автобуста ондаған адам отырады. Соқтығыс салдарынан қайғылы оқиға орын алуы ықтимал.
Марат Сыздықовтың айтқанын автопарк басшылары қос-қолдап қолдады. Себебі, осы сияқты игі шаралардың арқасында өңірімізде жайсыз жайттардың азаяры айдан анық.
ГАЛИНА СЕМЁНОВА, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:
– Осы мәселе бойынша барлық автобус жүргізушілерімен әңгімелесемін. Әрбіреуіне дабыл сигналы қосылған өрт сөндіру машиналары келе жатқан кезде жол берулері керектігін айтамыз. Қоғамдық көліктің жүргізушілері мындаған адамның өміріне жауапты. Сол себепті, біз әрдайым тәжірибелі адамдарды жұмысқа аламыз.
Төтеншеліктер басқосуға облыстық полиция департаменті әкімшілік тәжірибе бөлімінің өкілдерін де шақыртқан. Мамандар жиын барысында дабыл қосылған өрт сөндіру көліктеріне жол бермеген, яғни, өткізбеген жүргізушілерге қандай көлемде айыппұл салынатынын баян етті.
АИДА БИМЕНДИНА, СҚО ПД әкімшілік тәжірибе бөлімінің инспекторы:
– ҚР ҚК 610-бабының бірінші бөлігі бойынша жүргізушілер дабыл сигналы қосылған өрт сөндіру көлігін өткізбеген жағдайда оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, құтқарушылар бағдаршамнан қызыл түс жанып тұрса да өте беруіне болады. Біз де өз тарапымыздан бұл мәселе жайында автокөлік жүргізушілеріне жеткізетін боламыз.
Сөз соныңда статистикамен бөліссек, өткен жылы облысымызда ТЖД машиналарының қатысуымен 69 жол-көлік оқиғасы орын алған.
Нұрасыл Ахмет