Өткен апта облысымызда “30 қадам ізгілікке” атты челлендж басталған болатын. Игі бастама ҚХА-ның 30 жылдығына арналып ұйымдастырылған. Бүгін аталған шара аясында “Барбанг” күрд этномәдени орталығының өкілдері зейнеткерлерге балықтың түр-түрін таратты. Іс-шара “Корона” сауда үйінің алдында өтті.
РАСУЛ АФАНДИЕВ, облыстық “Барбанг” күрд этномәдени орталығы” ҚБ мүшесі:
– Зейнеткерлер әрқашан қолдауды қажет етеді. Сол себепті, осы сияқты шаралар жиі өткізіліп тұруы тиіс. “Барбанг” күрд этномәдени орталығы әрдайым көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Біз балалар үйлеріне, жалғызбасты аналарға барып, керекті заттарын алып береміз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы күндері қала ішінде түрлі іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз.
Шарада барлығы – 300 келі балық таратылды. Әр адамға 2,5 келіден берілді. Осындай игі шараның өткізіліп жатқанын көрген зейнеткерлер сауда үйінің алдына ағылды.
– Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өзім балықты сүйіп жеймін. Көңілім көтеріліп қалды.
Айта кету керек, игі шара әлі 20 күн бойы жалғасын табады. Челлендж аясында солтүстікқазақстандықтар айналасындағыларға кемінде бір жақсылық жасап, қоршаған ортаға пайдасын тигізуі тиіс.