Қоғам

«XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны

Жаңа мектепте ерекше шара. Облыс орталығындағы 28-ші орта мектепте 11-12-ші сынып оқушылары арасында “XXI ғасыр көшбасшысы” интеллектуалдық ойынының облыстық кезеңі өтіп жатыр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана қатыса алатын сайыс қатарынан 25 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келген. Бірақ, соңғы төрт жыл ұйымдастырылмай, биыл қайтадан қолға алынған.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Бүгінгі іс-шара өз қабілеттерін көрсетуге дайын 31 дарынды баланың басын қосып отыр.

Бағыжанар Сейсенбаева – зияткерлік ойынға қатысушылардың бірі. Уәлиханов ауданының намысын қорғай келген 11-ші сынып оқушысы логикалық ойлауды қажет ететін жарысқа біраз уақыт дайындалған.

БАҒЫЖАНАР СЕЙСЕНБАЕВА, сайысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Олимпиадағы бірнеше ай бойы дайындалдық. Ауданда өткен бірінші кезеңнен кейін, бірден дайындықты бастадық. Мен физика, математика пәндері бойынша дайындалдым. Мектепте мен өте белсенді оқушылардың бірімін. Көптеген олимпиадаларға қатысып отырамын.

Айта кетейік, жарыс тек қазақ тілінде ғана жүргізіледі. Екі турдан тұрады. Біріншісінде оқушылар 1 сағат бойы компьютер арқылы 60 сұраққа жауап беріп, тест орындаса, екіншісінде арнайы тағайындалған қазылар алқасымен сұхбаттасып, көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді.

СӘЛИМА МӘКІШОВА, қазылар алқасының мүшесі:

– Біз бүгінгі ойында қазіргі заманға қажетті жастарды анықтайтын боламыз. Оолармен диалог жүргізе отырып, көшпасшылық қасиеттерін анықтайтын боламыз.

Бір қызығы, жастар қандай пән немесе қандай тапсырма орындайтындарын мүлдем білмейді екен. Ұйымдастырушылар оларға қызықты болу үшін алдын ала айтпаған.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Бұл танымал телеойын жаңа форматта оралып, білімді де талантты жастарды анықтауға көмектеседі. Ең жоғары ұпай жинаған 5 үздік оқушы республикалық кезеңге жолдама алады.

Ал республикалық кезең осы айдың соңында өткізіледі. Одан бірінші орын алған 3 оқушы Қазақстандағы кез келген жоғары оқу орнына грантқа түсуге мүмкіндік алады.