Солтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісік әлі де бой бермей тұр. Ал ақ халатты абзал жандар өлімге әкеліп соғатын дертпен күресіп әлек. Өткен жылдың соңында онкологиялық диспансерде мамандардың көңілін сәл де болсын көтерген дерек тіркеліпті. Былтыр өңірде өміріне бейжай қарамайтын адамдардың саны артқан.
ЕРМЕК ӘБДІРІМОВ, СҚО онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:
– Былтыр өңірде ауруды 1-ші сатыда анықтау көрсеткіші 35,8 пайызды құрады. Ал республикалық көрсеткіш 31 пайыз болды. Бұл халықтың сауаттылығы артты, қорқынышы оянды дегенді білдіреді.
Қол сілтей қарауды ұмытып, дер кезінде тексерілу керек. Қазір бас пен бақайдың арасындағы дертті оңай анықтауға болады. Сұхбат барысында жоғары санатты дәрігер Ермек Әбдірімов аурулар анықтала бастайтын адам жасын тілге тиек етті.
ЕРМЕК ӘБДІРІМОВ, СҚО онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:
– Қазір 30 жастан кейін – кеуде безінің ісігі, 40 жастан кейін – жатыр мойнының ісігі, ал 50 жастан кейін тоқ және тік ішек аурулары жиі кездеседі. Адам скринингтен жеңіл өтеді. Нәтижесі зор.
Қатерлі ісік қалай пайда болады? Дерт сау ағзада бас көтермейді екен. Мамандардың сөзінше, адамның бір жері ауырса, обыр сол маңды қарақшыдай торуылдайды. Артынша етек жайып, “жұдырық” сермейді. Гастрит, язва деп жатамыз. Бұларға жауапкершілікпен қарау керек. Тәжірибеге сүйенсек, аталған ауру түрлері ісікке әкеледі.
ЕРМЕК ӘБДІРІМОВ, СҚО онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:
– Дүниежүзінде темекінің зиян екені дәлелденді. 50-60 жылдық зерттеулерден кейін нақты нәтиже шықты. Тамақ ауруы, асқазан ауруы болады. Темекенің ішінде 40-50 зиянды зат бар.
Біреу білсе, біреу білмес, қатерлі ісіктің 100 түрі бар. Былтыр аймақта қауіпті дерттен 511 адам ажал құшқан. Ал биылғы қаңтардың өзінде 56 науқас келместің кемесіне мініпті. Қазіргі таңда диспансерлік есепте 11 жарым мыңға жуық жерлесіміз тұр. Өңіріміз Шығыс Қазақстан облысынан кейін республикалық тізімнің екінші сатысына жайқасқан.