Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған прокурорлар облыс орталығында бас қосты. Бүгін Петропавлда прокурорлар арасында шаңғымен жүгіруден жарыс өтті. Сайысқа әр өңірден келген 50-ге жуық адам қатысты. Қадағалау органы бұл шараны Ұлы Жеңістің 80-жылдығына арнап өткізіп отыр.
ҚАЙРАТ ӘБДІХАНОВ, СҚО прокуроры:
– Шараны спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта басқа да спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастыру жоспарда бар.
Қатысушылар алдымен классикалық стильде жарысса, түстен кейін еркін жүріс бойынша сынға түседі. Ерлер – 2 шақырымды, әйелдер 1 километрді бағындыруы тиіс.
АЛЕКСАНДР ВАСИЛЬЕВ, жарыстың бас төрешісі:
– Жекелей жарыстардан кейін эстафета сайысы болады. Онда әр облыстан 2 ер және 1 әйел адам жарысады. Қазір қатысушылар спринтте сынға түсуде. Толығырақ тоқталсам, әрқайсысы жеке-жеке жарыс жолына шығады. Араларын 30 секунд қана бөледі. Мәре сызығын кескеннен кейін уақыттарын есептеп, жеңімпазды анықтаймыз.
Қатысушылардың арасында кәсіби спортшылар жоқ. Көбі – шаңғыны аяқтарына алғаш рет кигендер. Соған қарамастан олар бар-күштерін салып, жеңімпаз атанғысы келеді.
СӘКЕН МОЛДАШЕВ, БҚО прокуратурасы кадрлық жұмыс тобының басшысы:
– Қатысушылардың бәріне сәттілік, өзімізге жеңіс тілеймін. СҚО-ға бірінші келуім. Маған ұнады. Ауасы таза екен.
Жарыс бүгін өз мәресіне жетеді. Айта кету керек, шаңғы жүгіруден прокурорлар арасындағы республикалық жарыс алғаш рет өткізіліп отыр.
Нұрасыл Ахмет