Петропавлда жеке балабақшалар жабылуы мүмкін. Мұндай мәлімдемені қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардың біріне жетекшілік ететін Ольга Жаркова жасады. Іскер жан мемлекет тарапынан тиісті қолдаудың көрсетілмей отырғанына қапалы.
ОЛЬГА ЖАРКОВА, жеке кәсіпкер:
– Қазір жеке балабақша мен мемлекеттік балабақшаны жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі әртүрлі. Яғни, бірдей ақша алмаймыз. Қалыптасқан қағида өзгермей отыр. Қызметкерлердің жалақысына үстемақы қосу, тәрбиешілердің біліктілігі бойынша төлем жасау сынды ережелер пайда болды. Оның барлығын орындаймыз. Алайда, кірісіміз сол күйі қалды. Бұл біздің жұмысымызға ауыз толтырып айтарлықтай қиындық келтіріп отыр.
Жеке кәсіпкерді алаңдататын тағы бір жайт – бала үшін ата-ана төлейтін ақының төмендеуі. Алайда, мұны білім саласы қызметкері жоққа шығарды. Тараптар құжаттарға сүйенді, ойларын ортаға салды. Мемлекеттік орган өкілі керісінше жағдай орын алғанын баса айтты.
ГҮЛБАРШЫН БАЙМҰХАНБЕТОВА, Петропавл қалалық білім бөлімінің бас экономисі:
– Баға өткен жылдың желтоқсан айына қарағанда өсті. Яғни, бұған дейінгі бағаға 6,5 пайыз қосылды.
Бағаны әрмен қарай өсіруге мүмкіндік жоқ. Төлем көлемі заңды негізде бекітілген. Мұны естіген жеке кәсіпкер жағдайдың мәз еместігін жеткізді. Ольга Жаркованың сөзінше, кірістің аздығынан балалар құс пен сиыр етін ұмытуы мүмкін. Ал мемлекеттік балабақшаларға бұлар төмен бағамен жетеді.
ГҮЛБАРШЫН БАЙМҰХАНБЕТОВА, Петропавл қалалық білім бөлімінің бас экономисі:
– Біз ешнәрсе істей алмаймыз. Прокуратураның хаты бар. Соның аясында ғана жұмыс істейміз.
Кәсіпкерлер палатасы тағы бір кездесу өткізуді көздеп отыр. Оған прокуратура қызметкерлері шақырылмақ. Жалпы, бүгінгі таңда өңірде 78 балабақша бар. Соның 40-тан астамы облыс орталығында орналасқан.