Мектеп оқушылары үшін жақсы мүмкіндік. Бүгін Ескендір Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде мектеп оқушылары үшін арнайы “Ашық есік күні” шарасы өтті.
Жұмысшы мамандықтарын дайындайтын білім ордасында 4 мамандық, 8 біліктілік бойынша білім береді. Олардың әрбіреуі дәріс және практика бойынша жүргізіледі. Бірінші курсқа түскен ұл-қыздардың барлығы грантқа оқуға түседі, 43 мың теңге шәкіртақы алады. Бірінші семестрден кейін бағалары төмендеп қалса, шәкіртақыдан айырылады. Бірақ, әрі қарай тегін оқуын жалғастыра береді.
ЖҰЛДЫЗ ЫСҚАҚОВА, Е.Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі директорының орынбасары:
– Біздің колледж жұмысшы мамандықтарын дайындайды. Олар: аспаз, шаштараз, тігінші, наубайханашы сияқты мамандықтарды даярлайды. Қазіргі таңда 400-ден астам студент білім алуда.
Балалар аталған колледжге 9-шы сыныптан кейін түссе, 2 жыл 10 ай, ал 11-ші сыныптан кейін келсе, 10 ай ғана оқиды. Алыстан келген студенттерге жатақхана қарастырыған. Студенттер үйі 244 орынға арналған.
ЖҰЛДЫЗ ЫСҚАҚОВА, Е.Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі директорының орынбасары:
– Біздің студенттерге мемлекет қарамағынан шәкіртақы қарастырылған. Мысалы, ауылдық жерлерден келген студенттерге жылына 2 рет жол сыйақысы беріледі.
Колледждің тыныс-тіршілігімен танысуға келген оқушылар мамандарға толғандарын сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Оқытушылар оларға тамақ пісіру, шаш қиюдың қыр-сырын көрсетті. Тіпті, жастардың арасында алдағы уақытта осы оқу орнына түсуді қарастырып жүргендері де табылды.
НҰРДӘУЛЕТ ИДИЯТ, Чапаев негізгі мектебінің 9-шы сынып оқушысы, Қызылжар ауданы:
– Мен ҰБТ-ға қазақ тілі және әдебиеті пәнін таңдаған едім. Егер осы колледж ұнап жатса, мүмкін, түсіп қалармын. Мектептен 10 шақты бала болып келдік.
Айта кетейік, Е.Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжіне өткен жылы 150-ге тарта жас оқуға түскен. Оқушы жастардың санын арттыру мақсатында осындай таныстыру шарасы апта сайын ұйымдастырылады.
Мәдина Қаби