Ақпанның 1-6 аралығында Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында кикбокстан халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы уыс-уыс медаль еншіледі. Ел мерейін асырғандардың арасында солтүстікқазақстандық спортшы Ибрагим Беков та бар. Жерлесіміз жарыста жолында 3 жекпе-жек өткізді. Жуан жұдырықты теріскейлік барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Айта кету керек, Үндістанда өткен халықаралық турнирге 10 мемлекеттен келген 500-ден астам спортшы қатысты.
ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксингтен СҚО аға жаттықтырушысы:
– Ибрагим халықаралық турнирге алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейін ол 2 рет ел кубогында чемпион атанды. Қазақстанда шәкіртіме өз салмағында тең келетін қарсылас жоқ. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда бізді бәсі биік додалар күтіп тұр. Солтүстікқазақстандық спортшылар наурыз айында Италияда өтетін әлем кубогында бақ сынайды.
Нұрасыл Ахмет