МТРА жаңалықтары

СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің құрамы 83 пайызға өзгерді

Петропавлда облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Ұйымда біршама өзгеріс орын алған. Талқылаушы топтың құрамы 83 пайызға өзгерді. Яғни, оның құрамына жаңадан 24 адам кірді. Мәслихат депутаттары, партия өкілдері мен кәсіпкерлерден құралған комиссия шешімі бойынша енді кеңеске Сергей Домаев төрағалық етеді. Іскер азамат – “Северный бройлер” құс фабрикасының бас директоры. Ол өзіне сенім білдірген әріптестеріне алғыс білдіріп, өңір экономикасындағы мәселелерді бірігіп шешу керектігін айтты. Сондай-ақ, басқосуда өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыланып, биылға жоспар құрылды.

СЕРГЕЙ ДОМАЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы:

– Маған сенім білдірген әріптестеріме алғысым шексіз. Менің, әсіресе, агроөнеркәсіп кешені мен сауда бойынша тәжірибем көп болғандықтан аталған салалардың ерекшелігін жақсы білемін. Дегенмен, туындаған өзекті мәселелерді кеңестің кеңейтілген құрамының арқасында жергілікті және республикалық деңгейде де бірлесіп тиімді шешеміз деген сенімдемін.

 

Нұрасыл Ахмет