Өңірдің өндіріс саласы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Былтыр бел жазбай еңбек еткен мамандарымыз 705 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл алдыңғы жылдағы көрсеткіштен 3,6 пайызға көп.
АЗАМАТ ШАЙМЕРДЕНОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Табыстың негізгі бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі. Нақтырақ айтсақ, түсімнің 85 пайызы осы бағыттан келді. Жекелей тоқталсақ, аймақта машина жасау алға жылжыды. 6,1 пайыздық өсім тіркелді. Соңғы 4 жылға зер салсақ, машина жасау бағытында шығарылған өнім көлемі 5 есеге артқанын ұғынамыз.
Өткен жылы өңірде өндіріс саласында жұмыс істейтін бірсыпыра кәсіпорын ашылды. Кең цехтар мен заманауи құрал-жабдықтар таңдай қақтырады. Қуанышымызға орай, алдағы уақытта да мұндай нысандардың таспасы қиылмақ.
АЗАМАТ ШАЙМЕРДЕНОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– “ЗИКСТО” компаниясы жолаушылар вагонын жасау жобасын қолға алды. 24 млрд теңгеден аса қаржы құйды. Бұл ақшаға заманауи цех салып жатыр. Өндіріс орны ашылғасын жүзеден жаңа жұмыс орны құрылады. “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағының ауқымы кеңейіп келеді. Біршеше жоба басталды.
Биылғы жоспар – 750 млрд теңге. Яғни, мамандарымыз осынша қаржының өнімін өндіруді көздеп отыр. Қоса кетейік, бүгінде өңірдің өндіріс саласында 12 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Байболат Құлтанов