Бүгін осы тақырыпта Достық үйінде іс-шара өтті. Басты мақсат – ата-аналар мен жастарға отбасылық құндылықтар жайында ақпар беру.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО ҚХА мүшесі:
– Шыны керек, қазіргі таңда отбасылық құндылықтар ұмыт қалып бара жатыр. Балаларды барынша әлеуметтік желілерден арылтуымыз қажет.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ата-аналардың қу жаны қуырдақ болып, балаларына көңіл бөлмей жатады. Бірақ, ұмытпау қажет, ата-ананың тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуі еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Бүгінгі өткен іс-шарада аға буын өкілдері жастарға білгендерін айтып, мол ақпар берді.
ЗӘУРЕШ ЖИЕНТАЕВА, қалалық әл-Фараби мектеп-лицейі директорының орынбасары:
– Қазіргі заманда бір үйде тұрып жатқан адамдар бір дастархан басында бастары қосылмайды. Менің ойымша, әр отбасы күніне бір рет болсын жиналып, әңгіме-дүкен құрып, бар мәселелерді шешуі тиіс.
Кішкентай ұл-қыздар естігенін емес, көргенін істейді. Сондықтан, ата-аналар үй ішінде дұрыс сөйлеп, өнегелі іс-әрекеттер жасауы тиіс. Бұл – бала тәрбиесіне қатты әсер ететін фактор. Жания Мұстафина – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы. Бұрымды бүгінгі шараға келгеніне еш өкінбейді. Себебі, ол аға буын өкілдері айтқан көп дүниені миына қондырып, біршама өзіне керекті мағлұмат алды.
ЖӘНИЯ МҰСТАФИНА, Әбу Досмұхамбетов атындағы ОДГМГИ 10-шы сынып оқушысы:
– Ата-анам маған жақсы тәрбие берді деп айта аламын. Мен өзім Есіл ауданынанмын. Әр апта сайын үйіме барамын. Сол кезде ата-анамыз бізді кешке қарай жинап, ақылдарын айтады.
Іс-шара соныңда қаламыздың үлгілі отбасылары марапатталды. Маңызды жиын ҚХА 30 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Айта кету керек, басқосуға барлығы – 50-ге жуық адам қатысты.