МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
– Жалғызбасты зейнеткерлерге қыстыгүні өте қиын. Себебі, қар жауып, есік алдын алып қалады, қарттардың жүріп-тұруына қиындық тудырады. Мысалы, біз келген үйдің маңайында әжептәуір қар жатыр.
Валентина Шебалена Жұмысшы кентіндегі жер үйде 70 жылдан аса өмір сүреді. 80-ге таяп қалған нәзікжанды жаздыгүні жолдасынан айырылып, жалғыз қалды. Ешқандай жақыны жоқ, көмектесетін тек әлеуметтік қызметкер бар, оның өзі аптасына 2-ақ рет келіп кетеді. Биылғы қыс оңайға соқпады. Кейуана қардан есік алдындағы сарайға да жете алмай қалған екен.
ВАЛЕНТИНА ШЕБАЛЕНА, жалғызбасты зейнеткер:
– Жиендерім бар, бірақ олар маған көмектесе қоймайды. Қызым денсаулығына байланысты Тайынша ауданындағы арнайы орталықта жатыр. Жалғыз өмір сүру оңай емес. Әлеуметтік қызметкер келіп, отынымды кіргізіп береді. Оны ақырындап өзім жағамын. Су үйге кіргізілген. Күні бойы үйде боламын. Таңнан кешке дейін жұмыс істеп, күнімді өткіземін. Арасында көршілерім келіп, жағдайымды біліп тұрады.
Мұндай көмекке мұқтаж жандар ешқашан назарсыз қалмауы қажет. Бүгін кейуанаға көмек жетті.
Бұл – мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары. Қызметкерлер қарияның үйіне келіп, маңайды ақ ұлпадан тазартты.
ДАНИЯР ЖОЛДАСПАЕВ, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
– Қала әкімінің тапсырмасы бойынша осындай қайырымдылық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Кейуанаға көмек қажет екендігін естіп, өз үлесімізді қосайық деп шештік. Менің ойымша, осы сынды игі бастамаларды жиі өткізіп тұру керек. Шарапаты мол шараларға мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, қала тұрғындары да белсенді ат салысуы тиіс.
Жалынды азаматтардан жұмыс қалмады. Қолдарына күрек ұстаған адамдар жарты сағаттың ішінде аумақты толықтай тазалап шықты. Сарай мен моншаның алдын да ұқыпты жинап, зейнеткерді бір қуантты.
Мәдина Қаби