Экономика және қаржы

Қосылған құн салығы кімдерге әсер етпейді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы әлі ел аузында жүр. Алқалы жиында Премьер-Министр салық-бюджет жүйесін сауықтыруға және экономиканың өсуіне бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Олжас Бектеновтың айтуынша, еліміздің қазіргі экономикалық өсу қарқыны баяу. Дамудың даңғыл жолына түсу үшін қомақты инвестициялық капитал жасақтап алу қажет.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Алайда, бұған «даму бюджетінің» жеткіліксіз көлемі кедергі келтіреді: дамыған елдерде ол мемлекеттің барлық шығыстарының 25%-ына, Қазақстанда – 8%-ға жетеді. Бүгінгі таңда 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет.

Олжас Бектенов осыларды алға тарта келе елде кәсіпкерлерге салынатын қосылған құн салығы көтерілетінін айтты. Қоса кетейік, қазіргі таңда елімізде бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды. Келешекте ол 20 пайызға дейін ұлғаюы мүмкін. Билік неге мұндай қадамға бармақ? Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда аударылатын жалпы салықтың 24 пайызы осы қосылған құн салығы екен.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Бізде даму бюджетінің деңгейі төмен күйінде қалып отыр, оның себебі салықтан жиналатын қаржының аздығына байланысты. Қосылған құн салығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20 пайыз. Республикалық бюджеттегі үлесі одан да аз – 10,8 пайыз. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады.

Ел экономикасының басы-қасында бұрыннан жүрген Серік Жұманғариннің сөзінше, қазір Қазақстанда тіркелген 2,3 млн-нан астам салық төлеушінің 138 мыңға жуығы ғана қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеуде тұр.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Тіркелген 2,3 млн салық төлеушінің іс жүзінде 88 мыңы, яғни 4 пайызы ғана қосылған құн салығын төлеп жүр. Бұған осы салықты төлеуге міндеттейтін шек тым жоғары екендігі себеп. Яғни, салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 78 млн теңгеден асатын тұлғалар ғана төлейді. Біз осы шекті мөлшерді 15 млн теңгеге түсіруді ұсынамыз. Елдегі шағын және орта бизнестің 80 пайызы осы шамада табыс тауып отыр.

Демек, келешекте елімізде салық төлеушілердің де, аударылатын салықтың да көлемі артады. Осы орайда мына жайтқа назар аудару қажет. Қазақстанда дәрі-дәрмек, акциздік маркалар, түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын сататындар салықтан босатылған. Орын алатын өзгерістің мынандай да тиімді тұсы бар.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы төлемдерін бір мезгілде төмендете отырып, қосылған құн салығы мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнеске жұмысшылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді.

“Келісіп пішкен тоң келте болмас” дегендей, қазір маңызды мәселе кезеңдік талқылаудан өтіп жатыр. Болжам бойынша салық нақты қаншаға ұлғаятыны ақпан айының ортасында белгілі болады.

 

Байболат Құлтанов