Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Тұқым-2025 Қызылжар” халықаралық конференциясы өтті

Шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген диқандар Петропавлда бас қосты. Облыс орталығында “Тұқым-2025 Қызылжар” атты халықаралық конференция өтті. Айтулы шарада ауыл шаруашылығы саласында зор жетістікке жеткен диқандар теріскейлік еңбеккерлермен тәжірибелерімен бөлісті. Конференцияны өткізудегі мақсат – диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету және арадағы ынтымақтастықты арттыру. Айтулы шарада 50-ге жуық серіктестік өкілдері 150-ден астам тұқым түрін ортаға қойды. Араларында Еуропа елдерінен жеткізілгендері де бар. Алдаберген Нұғыманов Петропавлға Орал қаласынан келген. Ол – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Саланың жілігін шағып, майын ішкен азамат жергілікті аграрилерге жүгерінің франциялық “Сорго” тұқымын таныстырды.

АЛДАБЕРГЕН НҰҒЫМАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Орал қаласы:

– Былтыр біз бұл тұқымды 800 гектар аумаққа ғана сеуіп, мол өніп алдық. Шығымдылық 38,1 центнерді құрады. Бұны мал да сүйіп жейді. Тіпті, түрлі нан өнімдерін жасауға болады.

Халықаралық конференцияға қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қаз-қатар тізілген компаниялардың бидай тұқымдарымен танысты.

Содан соң жер-жерден келген диқандарға конференцияның маңыздылығы жайында айтылды. Ғауез Нұрмұхамбетов жиын барысында өңірдегі агроөнеркәсіптік саланың дамуына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– СҚО – еліміздің жетекші ауылшаруашылық аймақтарының бірі. Экономиканың бұл саласы жалпы өңірлік өнімнің 25 пайызын құрайды. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған реформалар жүзеге асуда.

Өңір шаруалары былтыр қамбаға рекордтық көлемде, яғни 6 млн тонна астық құйған. Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконың сөзінше мол өнім алу үшін тұқымды дұрыс таңдай білу қажет.

ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, «Зенченко и К» КС бас директоры:

– Тұқымды дұрыс таңдау диқан мен агроном үшін аса маңызды. Мәселен, өзім жетекшілік ететін шаруашылықтағы тұқымның 50 пайызы – қазақстандық, 15 пайызы – ресейлік, қалған 35 пайызын Еуропа елдерінен алдыртамын. Мен отандық өнімді қолданғанды құптаймын. Биыл орташа есеппен гектарына 30 центнерден астам өнім алдық. Бүгінгі шарада түрлі дәнді дақыл тұқымымен таныстым. Кейбірін егіс науқанында қолдансам ба деп отырмын.

Мұндай халықаралық конференция бұған дейін тек Астанада өткен. Өңірлерде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Республикалық тұқым өндірушілер палатасының басшысы Фарид Әбітаевтің сөзінше, теріскейлік диқандар тұқым шаруашылығындағы жаңа технологияларды жетік меңгерсе жыл сайын ондаған миллион тонна өнім алады.

ФАРИД ӘБІТАЕВ, республикалық тұқым өндірушілер палатасының басшысы:

– Қазіргі таңда ауа райына сенім жоқ. Жаз бойы жаңбыр жауып, шығымдылық азайып кетуі де ғажап емес. Конференцияда 200-ге жуық тұқым ортаға қойылды. Араларында климат таңдамайтындары бар. Түрлі шетелдік минералды тыңайтқыштар да әкелінді. Біз болашақта мол өнім беретін тұқымдарды өзіміз тонналап өсіріп, Еуропа елдеріне экспорттағымыз келеді.

Шараға барлығы – 800-ден астам адам қатысты. Сапалы тұқым – мол өнім кепілі. Сондықтан, осындай шаралар алдағы уақытта жиі өткізілуі тиіс деді жиынға қатысушылар.

 

Нұрасыл Ахмет