Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол саласын дамыту және аталған салаға цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында жазылды. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 12 мың шақырым жол, оның ішінде 8 мың шақырым – республикалық жол желісі, 4 мың шақырым жергілікті жол қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, жергілікті жолдар жағдайы 89%-ға жеткен. Мемлекет басшысының жолдарды жыл сайын жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2025 жылға 9,5 мың шақырымға жұмыс жоспарланған, сондай-ақ, Петропавл мен тағы бірнеше қаланы айналып өту жобаларын іске қосу және 2,5 мың шақырымға жөндеу жүргізу көзделген. Премьер-министр жол саласы әлеуетін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек.
Автожол жобаларын уақтылы қаржыландырудың және осы мақсаттарға арналған жер учаскелерін резервке қоюдың маңызы атап өтілді. Премьер-министр өңірлер әкімдіктерінің алдына тиісті міндет қойды. Резервке қойылған жерлерді беруге мораторий енгізу, олардың нысаналы мақсатын өзгерту тапсырылды. Олжас Бектенов жергілікті жолдар желісін дамытуға баса назар аударды. Ол Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отырғанын атап өтіп, өңірлердің әкімдеріне құрылыс және реконструкциялау технологияларын сақтау, сондай-ақ, жобаларды іске асыру мерзімдері мәселелерін бақылауға алуды тапсырды.
Данаш Хамза