Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 6-шы сынып оқушыларынан құжат қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Өңірдің және еліміздің аймақтарындағы балалар өтініштерін 2025 жылдың 11 ақпанына дейін тапсыра алады. Конкурстық іріктеуден өткен ұл-қыздар “Өркен” грантын иеленеді, яғни, тегін оқу, тамақтану және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Қаламыздағы Д.Карбышев атындағы №40 орта мектебінің оқушысы Диар Талғат үміткерлердің бірі саналады.
ДИАР ТАЛҒАТ, Д.Карбышев атындағы №40 орта мектебінің оқушысы:
– Менің арманым – НЗМ-ға оқуға түсу. Осы жерде менің ағаларым білім алады. Олардың айтуынша, мұнда барлық жағдай жасалған. Емтиханға дейін әлі 2 ай бар, дайындалуыма уақыт жетеді. Сабақты 4 пен 5-ке оқимын. Ата-анам мен туыстарымның барлығы маған сенеді, олардың үмітін ақтауға тырысамын.
Қабылдау жұмысы барысында қарағандылық қонақтарды кезіктірдік. Гүлсара Оспанова қызының осы мектепте оқығанын қалайды.
ГҮЛСАРА ОСПАНОВА:
– Біз Қарағанды қаласынан келіп отырмыз. Үлкен қызым осы мектепке түсіп, білім алғысы келеді. Біз оған сенеміз. Қызымыздың болашағы зор, осы мектептің табылдырығын аттап, аман-есен аяқтаса, шет елде білім алу ойымызда бар.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2015 жылы өз есігін айқара ашты. Мұнда оқушылар халықаралық бағдарлама негізінде білім алып, республикалық конкурстар мен жобаларға белсенді қатыса алады. Оқу ұясында даму үшін барлығы жасалған. Сабақ аяқталған соң әр оқушы шығармашылықпен немесе спортпен айналыса алады.
ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия және биология бағытындағы НЗМ директоры:
– Мектебімізге математика және гуманитарлық бағытты жақсы түсініп, алып кететін балаларды қабылдаймыз. Оның барлығын емтихан анықтайтын болады. Барлық баланы асыға күтеміз.
Мектепке оқуға қабылдану үшін баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, ата-ананың біреуінің жеке куәлігінің көшірмесі және 6-шы сыныпқа арналған табельдің көшірмесі қажет.