Қоғам

Мемлекеттік қызметке кір келтірген солтүстікқазақстандықтар

Петропавлда Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиында бірнеше лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік іс қаралды. СҚО бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейітқожаев қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған. Ол өзінің пәрменімен ғана жүретін темір тұлпармен әйелін тасыған.

ҚАЙРАТ СЕЙІТҚОЖАЕВ, СҚО бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы:

– Әйелімді жол-жөнекей жеткізіп, өзім әрмен қарай жұмысқа кеттім. Қызылжар ауданына бағыт алдым. Сол жерде желтоқсан айында тексеріс жүргіздік.

Білдей бір Тексеру комиссиясының төрағасы бұған дейін теріс қылыққа бой алдырмапты. Кеңес мүшелері осыны алға тарта келе шешім шығарды. Жақын арада облыстық мәслихатқа Қайрат Сейітқожаевқа ескерту түрінде жаза қолдану жөніндегі хат жолданбақ. Ал бұдан кейінгі тәртіптік іс Мамлют ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты болды.

ДИАНА САЛҒАРИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– 2023 жылдың 28-ші тамызы күні Мамлют ауданында жер комиссиясының отырысы өткен. Оған жер қатынастары бөлімінің басшысы Раушан Сәйпенова төрағалық етеді. Жиынға комиссияның мүшесі, мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Әлихан Жапабаев та қатысады. Басқосу барысында Григорьеваға ағаш өсіру үшін 55 гектар жерді 5 жылға жалға беру туралы шешім шығарылады. Желтоқсан айында тиісті келісім жасалады.

Алайда, шешім шығарушылар Григорьева иемденген жерде көл мен Токарёвка ауылының жайылымы орналасқанын ескермеген. Яғни, аумақтың басым бөлігінде ағаш өсіруге болмайды. Бұл жөнінде сотқа арыз жетіп, тараптар арасындағы келісімнің бұзушылықтар арқылы жасалғандығы расталады. Кеңес барысында Раушан Сәйпенова сөз алды. Батыл сөйлеген мемлекеттік қызметші барлығын өзіне қаратты.

РАУШАН СӘЙПЕНОВА, Мамлют ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Заңға сүйенген Раушан Сәйпенова сенімді сөйлесе, мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Әлихан Жапабаев қатты қобалжыды. Жүрек тұсын қайта-қайта ұстаған азаматқа “Жедел жәрдем шақырайық” дегендер де болды. Абырой болғанда су ішіп, өз-өзіне келген шақырылушы ойындағысын айтты.

ӘЛИХАН ЖАПАБАЕВ, Мамлют ауданы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы:

– Комиссияның шешімі тек әкімшілік іс болып табылады. Қазіргі таңда ол өз күшінде.

ЕРЖАН ҚАРЫМСАҚОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Материал бізге түскеннен кейін ғана ойларыңызды білдіріп жатырсыздар. Сіздерде 1 жыл уақыт болды. Прокуратура органдарына неге наразылық білдірмедіңіздер?

Жұмыстағы шикілікке байланысты қойылатын сұрақ көп. Әртүрлі саланы қамтитын білікті кеңес мүшелері айыпталушы тарапқа басты тұстарды түсіндірді. Соңында аудан әкіміне ұсыныс жолдау жөнінде келісімге келді. Алдағы уақытта қос маманға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолданылмақ.

 

Байболат Құлтанов