Бүгін Петропавлда еркін күрестен жасөспірім арасында облыс чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа 150-ге жуық жас қатысуға ниет білдірген. Былтыр олардың саны 100-ден аспаған болатын. Осыған қарап, өңірімізде еркін күрес қарқынды дамып келе жатқанын аңғара аламыз. Айта кететін жайт, додада қыздар да бақтарын сынауда.
АРУЖАН ТАЛҒАТБЕК, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
– Жасым 14-те. Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылынан келіп отырмын. Күреспен айналысып келе жатқаныма 5 жылдай болып қалды. Осы аралықта біршама жетістікке жеттім.
ОРЫНБЕК БАЛАҒАНОВ, жарыстың бас төрешісі:
– Күреске не дегенмен көбінесе ұлдар қатысады ғой. Теріскейлік қыздар жыл сайын ел біріншіліктерінде уыс-уыс жүлде әкеледі. Ұл-қыздар барлығы 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.
Қазір бозкілемде екі петропавлдық палуан белдесуде. Жастардың жарысқа тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Бір-біріне дес берер емес. Өзара кездесудің нәтижесінде жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің 1-ші курс студенті Давид Госпарян азғантай басымдықпен жеңіске жетті.
Давидтің еркін күреспен айналысып келе жатқанына 5 жылдан асқан. Көзінде оты бар жас болашақта Жақсылық Үшкемпіров секілді бүкіл әлем мойындайтын атақты чемпион болғым келеді дейді.
ДАВИД ГОСПАРЯН, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– Күреспен мектеп кезінен бастап айналысып келемін. Маған күрестің қыр-сырын мектептегі жаттықтырушым Бахтияр Серікұлы үйреткен болатын. Көптен бері жарыстарға қатыспаған ем, бүгін деңгейімді сынап көргім келді. Қарсыласым жақсы дайындалған, осал деуге келмейді. Ептілігімнің арқасында жеңіске жеттім. Мақсатым – бүгінгі жарыстың чемпионы атану.
Жарыс бүгін өз мәресіне жетеді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер ақпан айының соныңда Алматы қаласында өтетін ел чемпионатында өңір намысын қорғайтын болады.
Мәдина Қаби