С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана мен “GROW KZ” қоры “Мұғалімдерге арналған жасанды интеллект” атты курсты бастады. Өзіміз жақсы білетіндей, қазір интернетте сағат сайын жаңа дүниелер пайда болуда. Соларды ұстаздар жұмыс барысында қолдана алады. Мысалы, ChatGPT деген бар. Оның көмегімен мамандар сабаққа қажетті барлық деректі әзірлей алады. Нияз Назаров Прибрежное ауылында еңбек етеді. Ол курс арқылы жаңашылдықтарды тереңірек меңгеруге асық.
НИЯЗ НАЗАРОВ, Прибрежное орта мектебінің математика және информатика пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– Қазіргі кезде барлық адам жасанды интеллектті қолданады. Ол білім саласында қарқынды дамып келеді. Мұғалімдерге, балаларға да тигізетін көмегі зор. Теріс жағына келетін болсақ, баланың ойлау қабілетінің дамуына кедергісін келтіреді.
Курс аптасына 2 рет өткізіледі. Мұғалімдер жасанды интеллекттің қыр-сырын жан-жақты біліп, өздеріне керек мәліметтерді алатын болады. Сонымен қатар, тапсырмаларды орындайды.
ВЕРА ПЕРШИНА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың үйлестірушісі:
– Бұл жобаға кез-келген пән мұғалімі қатыса алады. Сабаққа Петропавл қаласының мұғалімдері мен жақын маңда орналасқан аудандардың оқытушыларын шақырдық. Жалпы, 1 айлық курста 8 сабақ өткізіледі. Жасанды интеллект туралы толық ақпар алу үшін 40 адам ниет білдірген, іріктеуден 25 ұстаз өтті. Таңдап алынған қатысушылардың барлығы біліктіліктерін арттырады деген ойдамыз.
Курс аяқталған кезде мұғалімдер өздері жасаған жобаны қорғайды. Ең үздік жұмысқа жүлде табысталатын болады. Онымен қоса, барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі.