Облыстық әкімдікте Жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының алқа отырысы өтті. Аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов төрағалық еткен дәстүрлі жиында өткен жыл қорытындыланып, ағымдағы жылдың жоспары баяндалды. Алғашқы баяндамашы басқарма басшысы – Ринат Елжасов. Мінберге шыққан атқамінер ауқымды саланың барлық бағытына тоқталды.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Облыста ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларды жүзеге асыру аясында былтыр 25 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 11 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру жайлы тапсырмасы бар. 2024 жылы жоспар 105 пайызға орындалды. Яғни, өңірімізде көрсеткіш асып түсті. Ал биыл аймақта 4 мыңнан астам жұмыс орнын құруымыз керек.
Осы орайда назар аударарлық жайт бар. Тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған тұрғындардың бәрінде бірдей зейнетақылық аударым рәсімделмеген. Нақтырақ айтсақ, тиісті жарна адамдардың 14 пайызына жіберілмейді. Антиүздіктердің көшбасында Қызылжар, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев сынды аудандар тұр. Баяндама барысында Ринат Елжасов аталған аудандардың әкімдіктері осы мәселеге назар аудару қажеттігін баса айтты.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– 2024 жылы 2 мыңнан астам адам қайта оқытылды. Биыл бұл көрсеткішті 2 мың 600 тұрғыннан асыруды көздеп отырмыз. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл ретте аудандық және Петропавл қаласының әкімдігі қызмет ұсынушылар мен жұмыссыз тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмысын жиі жүргізу қажет. Былтыр облыста 282 адам 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде қайтарымсыз грант алды. Жалпы сома 398 млн теңгеден асты.
Аймаққа өзге облыстар мен елдерден адамдар көшіп келіп жатқаны аян. Алайда, былтыр жоспар орындалмапты. Ең төмен көрсеткіш Ақжар ауданында тіркелді. Мұнда халықты қоныстандыру деңгейі 47 пайызды құраған. “Әттеген-ай” дейтін тағы бір жайт, аймақтағы нысандардың барлығы бірдей әлі күнге дейін кембағал жандар үшін бейімделмей тұр. Жиын барысында Жүсіп Жұмағұлов осыған тоқталды.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Құрметті әріптестер, біздің басты міндеттеріміздің бірі – мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүріп-тұруына лайықты жағдай жасау. Бұны әкімдердің орынбасарлары қағазға түртіп алыңыздар. Әр нысан жарымжан адамдарға қолжетімді болуы керек. Бұл жерде белгілі бір ғимараттармен шектеліп қалуға болмайды. Жергілікті жерде ақпараттандыру, түсіндіру жұмысына қарқын қосқан маңызды.
Облыста 2400-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала тұрады. Өкінішке қарай, жарымжан ұл-қыздардың саны артып жатыр. Әсіресе, аутизм дерті жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай белең алып барады. Осыған байланысты биыл аймақта мүгедек балғындарды оңалту орталығы ашылады. Ол 150 балаға шақталмақ.
Байболат Құлтанов