Қоғам

Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азаймай тұр

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 233 тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты орын алған. Оның 10-ы – ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл және орташа зиян келтіру. Жұдырық жұмсағандар жазасыз қалмайды. Құқық бұзғандардың барлығы әртүрлі бап бойынша жауапқа тартылған.

ӘСЕМ ІЛИЯСОВА, қалалық ПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:

– Отбасылық зорлық-зомбылық фактісі – қазір өте жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі. Көбіне ерлі-зайыптылардың арасында дау туындайды. Көп жағдайда ер адамдар ішімдікке сылқия тойып, үйде шу шығарады. Ал мұның соңы ұрып-соғумен аяқталады. Біз жүгінген жағдайда ғана фактіні тіркейміз. Арамызда қаншама нәзікжанды үндемей қалуда.

Бұл жайлы М.Жұмабаев атындағы Жоғары колледжінің студенттеріне, яғни, болашақ ұстаздарға, ата-аналарға айтылды. Арнайы тренинг барысында психолог маман да сөз алды. Ол ашуға булықпаудың жолдарын айтып өтті.

Ұл-қыздар мамандардың ақыл-кеңесін құлақ түріп тыңдады. Бірсыпыра мағлұмат алды. Жоғары колледждің 3-ші курс студенті Сұлушаш Ілиясова “Қыз бала нәзік болғаннан кейін оны аялау қажет, қорқыту арқылы оның тек көңілің қалдырасың” дейді.

СҰЛУШАШ ІЛИЯСОВА, М.Жұмабаев атындағы Жоғары колледжінің студенті:

– Бұл мәселе – өзекті мәселелердің бірі. Қыздар әлсіз болғаннан кейін зорлық-зомбылық жағдайында не істеу керектігін білмей жатады. Психологиялық, материалдық тұрғыда әртүрлі қысым көрсетіліп жатады. Педагогика, психология сабақтарында осы тақырыптарды жиі қарастырамыз.

Тәртіп сақшылары мен психологтар әртүрлі білім ошақтарына барып, студенттерге тренингтер өткізуді дәстүрге айналдырған. Олар жастар өздерінің құқықтарын толығымен білуі қажет деп санайды.

 

Мәдина Қаби