Ақпан айының алғашқы бейсенбісі – Дүниежүзілік сайлау күні. Бұл бастама 2005 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен БҰҰ конференциясында бекітілген болатын. Айтулы датаға орай қалалық сайлау комиссиясының мүшелері жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттерімен кездесті. Мамандар жастарға саяси жүйенің жай-жапсары жайында түсіндіріп берді.
КЕҢЕС МҰҚЫШЕВ, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Қала бойынша 97 сайлау учаскесі бар. Оған 850 адам мүшелік етеді. Шаһарда 157 мың сайлаушы бар.
Іс-шараның жастарға арналып өткізілуі тегіннен тегін емес. Жасыратыны жоқ, кейбір ұл-қыздар ел тағдыры шешілетін маңызды шараға, яғни сайлауларға немқұрайлы қарап, қатыспай жатады. Қалалық сайлау комиссиясының мүшелері бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында студенттермен жиі кездесіп, бар білгендерін айтады. Нұрсұлтан Омаров – жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің 4-курс студенті. Жігерлі жас – 19 жаста. Ол бізбен тілдесу барысында өзінің сайлау учаскесіне барып, алғаш дауыс берген кезін еске алды.
НҰРСҰЛТАН ОМАРОВ, Жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің 4-курс студенті:
– Алғаш рет сайлауға күзде өткен референдумда қатыстым. Шынымды айтсам, қатты толқыдым. Себебі, саяси шарада әр адамның даусы аса маңызды екенін ұғындым. Маған комиссия мүшелері сымсыз құлаққапты сыйға тартты. Бұл сәт өмір бойы есімнен кетпейді. Қатарластарымды маңызды шаралардан қалмай, жаппай қатысуға шақырамын.
Шараға барлығы – 50-ден астам студент қатысты. Айта кету керек, статистика бойынша солтүстікқазақстандықтар сайлауларға белсенді қатысады екен. Мәселен, 2024 жылы өткен республикалық референдумда теріскейліктердің 60 пайызы өз дауысын берген.
Нұрасыл Ахмет