Біреу білсе, біреу білмес, елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылған болатын. Енді органдардағы бос орындарға орналасу үшін үміткерлер өтініштерін “E-қызмет” порталы арқылы онлайн жібере алады. Азаматтар бұрынғыдай сағаттап кезек күтіп, құжат тасып сандалып жүрмейді. Игі бастама арқылы жұмысқа тұрған жандардың бірі – Серік Кәкенов. Ол қазіргі таңда Есіл ауданының ішкі саясат бөлімінде бас маман болып қызмет атқарады.
СЕРІК КӘКЕНОВ, Есіл ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы:
– Мамандығым бойынша – заңгермін. 2011 жылы Солтүстік Қазақстан университетінің колледжін тәмәмдадым. Оқуды бітірген соң жеке сот орындаушысының көмекшісі болып қызмет атқардым.
Мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқандар 3 кезеңдік іріктеуден өтеді. Бірінші – тестілеу, екіншісі – жеке қасиеттерін бағалау, соңғысы – әңгімелесу. Үміткер әр кезеңнен өткен кезде веб камераны қосуы міндетті. Егер азамат тапсырмаларды орындап жатқан сәтте артық қимыл жасаса, көшіруге әрекеттенсе, портал автоматты түрде істен шығады.
СЕРІК КӘКЕНОВ, Есіл ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы:
– Бұрыннан жұмыс орнымды ауыстыру ойымда жүрген. Сөйтіп, “Е-қызмет” порталынан жұмыс іздеп, өз таңдауымды жасадым. Жаңа жұмыс орным өзіме өте қызықты. Болашақта биік белестерді бағындырғым келеді.
Жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеуден өтпей-ақ қабылданады. Елге еңбек еткісі келген жастар облыс орталығы мен аудандарға қызметке орналаса алады. Мүмкіндікке ие болғысы келетін студенттің диплом бойынша жинаған балы ескеріледі. Сондай-ақ, грант иегерлеріне басымдық берілмек. Айта кету керек, облысымызда жарты жылдың ішінде игі бастама арқылы 300-ден астам адам жұмысқа тұрған.
Нұрасыл Ахмет