“Qyzyljar” креатив орталығында “Digital Marketing 2025” форумы өтті. Іс-шараға заманауи цифрлық маркетинг саласындағы жетекші сарапшылар, кәсіпкерлер және түрлі салалардың мамандары жиналды. Айрықша шараның ұйымдастырылу мақсаты – мамандардың өзара тәжірибе алмасуы, өзекті үрдістерді талқылау және іскерлік байланыстар орнату. Кристина Маракушкина – SMM-агенттігінің негізін қалаушы. Ол жиылғандарға брендтерді әлеуметтік желілерде ілгерілетудің қазіргі заманғы стратегиялары мен аудиторияның назарын аудару әдістері туралы айтып берді.
КРИСТИНА МАРАКУШКИНА, форумға қатысушы:
– Ең бірінші, аккаунтыңды дамыту үшін пайдалы контент түсіре білу қажет. Жиналған оқырмандармен әрқашан қызық әңгімелер айтып, оларды тарта білу қажет. Сонда ғана аккаунтың алға жылжиды. Кейін интернет арқылы өз бизнесіңді де бастай аласың.
Басқа қатысушылар да осы сынды өзіндік тәжірибелерін, әдіс-тәсілдерін айтты. Жиылған қауым олардың бөліскен ойын тыңдап, біраз мағлұмат алысты. Ұйымдастырушылар әзірге мұндай ерекше форумды алғаш рет өткізіп отыр.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “Qyzyljar” креатив орталығының бөлім басшысы:
– Осы жолы біз медиа саласын таңдап отырмыз. Ол қазір интернетпен тығыз байланысты. Қазіргі таңда аталған бағыт өте қарқынды дамуда. Интернет арқылы барлығын істеуге болады. Тіпті, өздеріңіз білетіндей, онлайн кәсіпті де бастауға болады.
Жалпы, форумда 7 спикер сөз сөйлеп, білгендерін ортаға салды. Ал оларды тыңдауға 150-ден астам адам жиылды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта аталған тақырып бойынша өз тәжірибесімен бөлісуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіби мамандарды шақырмақшы.
Мәдина Қаби