1-ші ақпан – Халықаралық орамал күні. Осыған орай облыс орталығында тәрбиелік мәні зор шара ұйымдастырылды.
Ән шырқалып, би биленген шараның атауы – “Ақ орамал – аналар аманаты”. Аты айтып тұрғандай, жиында тек жоғарыдан табылуы тиіс жаулық жайлы айтылды. Таңдалған тақырып турасында біраз дүние айтуға болады. Бұл ретте көпті көрген әжелерімізден асып түсер ешкім жоқ.
ҚАРЛЫҒАШ ШАЯХМЕТҚЫЗЫ, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” РҚБ СҚОФ мүшесі:
– Ақ орамал – қазақтың қымбат, киелі дүниесі. Ақ орамал әйелдерді тәрбиеге, тазалыққа, сыйластыққа тәрбиелейді. Балаларына да дұрыс тәрбие береді.
Жиынға болашақта бесік тербер қыздар қауымы арнайы шақырылған. Зал толы қатысушыға ақылшы әжелеріміз орамалдың қандай жағдайда тағылатынын түсіндірді.
Қазақта келін түскенде, ана бала емізгенде, ас пісіргенде орамал тағады. Орта жастан асқан әйелдердің де басынан орамал табылуы тиіс. Оның себебін ортаға шыққан әжелер жас қыздарға баян етті. Айтылғанды Аружан Сәкен телефонына түртіп алды. Жеткіншек анасының ақылын тыңдап өсіп келе жатыр.
АРУЖАН СӘКЕН, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы:
– Бастауыш сыныптарда оқығанда анам күнде таңертең шашымды өретін. “Қазақ қызы осылай жүру керек” деп өсірді.
Жиын барысында әжелер өздерінің жұмыстарын да қорытындылады. Қуантарлығы, қатарлары ай сайын толығып жатыр.
АЛМА СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” РҚБ СҚОФ төрайымы:
– Біздің ұжымда 35 әже бар. Барлығы белсенді, шараларды жиі өткіземіз. Мақсатымыз – жастарға қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу. Бүгінгі шара халықаралық орамал күніне арналған.
Ақылшы әжелер жастар тәрбиесіне, дәстүріміздің әрмен қарай дәріптелуіне үлес қоса бермек. Олар енді абысындар арасында байқау өткізбекші.
Байболат Құлтанов