Дроппер деген кім? Ол немен айналысады? Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары осы сұрақтарға жауап алды. Білім ұясының ұл-қыздарымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Бақытжан Абулхаиров арнайы келіп жүздесті. Шенді үлкен өмірге енді аяқ басқалы тұрған жастарға интернет алаяқтық және қулардың айтқанын істейтін дроперлер туралы мол мағлұмат берді. Өз кезегінде шәкірттер спикерге көкейде жүрген сұрақтарын қоя алды.
БАҚЫТЖАН АБУЛХАИРОВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы:
– Соңғы уақытта интернет-алаяқтар ақшаны белгілі бір жеткізу, аудару мақсатында дропперлерді жиі қолданады. Көбінесе қулардың айтқанын жастар істеп, заң бұзады. Бұған өзіміз куә болып отырмыз. Сондықтан, өскелең ұрпақпен жүздесу жұмысын қолға алдық. Бұған дейін департамент өкілдері бірнеше мектепте болды. Ақпараттандыру ісін жалғастырамыз.
ДӘРИЯ АМАНГЕЛДІ, Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:
– Дәріс өткізілді. Дропперлер кім екенін түсіндік. Оларға жаза қарастырылған. Біз осыны білдік.