Геннадий Языков 50 жылға жуық құрылыс саласында тер төккен. Азамат облыс орталығындағы бірнеше ғимараттың құрылысына ат салысқан. Тіпті, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының бой көтерілуіне де үлес қосыпты. Геннадий Назарович – өз кәсібінен береке тапқан азамат. Бүгін ол болашақ маман иелерімен жүздесіп, мамандық таңдау мен таңдаған қызметке деген адалдық жайында әңгімелесті.
ГЕННАДИЙ ЯЗЫКОВ, еңбек ардагері:
– Адам күшін қажет ететін жұмыстан қорқудың қажеті жоқ. Жұмысшы мамандар ел экономикасын көтеруге зор үлес қосып жатыр. Мен өмір бойы құрылысшы болғаныма еш өкінген емеспін. Керісінше, қаншама адамға, тұтас қоғамға пайдам тиді. Халықтың баспаналы болуына өз үлесімді қостым. Қазір менің жолымды балаларым жалғастыруда.
Ел экономикасын алға бастыру үшін құрылысшылармен қатар, электрик, сантехник, дәнекерлеуші, аспаз, ветеринар сынды мамандардың да санын арттыру қажет. Олардың әрқайсысы тамшыдай үлес қосады. Бұл түптің түбінде нәтиже береді. Осы жайлы шараға қатысушы оқушыларға кеңінен айтылды.
ЭЛИНА УЛЬЯНОВА, оқушы:
– Менің ойымша, жұмысшы мамандар елге ауадай қажет. Олардың арқасында елдің экономикасы қарқынды дамиды. Қарапайым мысал келтірейін, диқан болмаса, егінді кім орады? Наубайханашы болмаса, нанды кім пісіреді? Бүгінгі жиында көп дүние айтылды. Атақты құрылысшы шақырылған екен. Әңгімесін мұқият тыңдадым. Кездесу жайлы достарыма айтамын.
Жиын соңында қатысушыларға жұмысшы мамандықтарға оқытатын білім ұялары туралы айтылды. Қазір өңірдегі оқу орындары заманауи құрал-жарақтармен жабдықталған. Әрбір жастың бойында ынта-жігер болса, асуларды оңай бағындыруға болады.
Мәдина Қаби