Балалар

Интеллектуалды сайыс

Үш жүздің басын қосқан тарихи тұлға жайында бәрі білуі тиіс. Бүгін “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде оқушылар арасында олимпиада ұйымдастырылды. Тапқырлар сайысына қаламыздың 4 мектебінен келген ұл-қыздар қатысты. Бір ерекшелігі, қыз жігіттер ақыл-ой жарысында дуэт болып сынға түсті.

ӘЛИЯ МАМБЕТАЛИНОВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің бөлім жетекшісі:

– Олимпиада Абылай ханды барынша дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Абылай ханның Қазақ хандығында алатын орны ерекше. Оның тұсында еліміз қарыштап дамыды.

Интеллектуалды сайыс 3 кезеңнен тұрды. Ұл-қыздар бірінші кезеңде Абылай ханды сипаттау керек болса, екіншісінде өмірбаяны жайлы айтты. Ал 3-ші кезеңде оқушылар тарихи тұлғаның жанында жүріп, халқымыздың өркендеуіне зор үлесін қосқан би, батырлар жайлы айту керек болды. Аделина Мостренко – қалалық №12 орта мектептің 10-шы сынып оқушысы. Бұрымды тарих пәнін сүйіп оқиды. Ол сайысқа келмес бұрын қазақ тарихындағы ең ұлы билеушілердің бірі жайында біраз ізденген.

АДЕЛИНА МОСТРЕНКО, қалалық №12 орта мектебінің 10-шы сынып оқушысы:

– Мен Абылай хан жайлы көп дүние білемін. Оның 30 ұлы мен 40 қызы болған. Ұрпақтары туралы да оқығанмын. Бүгінгі сайыстан тек 1-ші орын алуды жоспарлап отырмын. Мұндай олимпиадалар менің ой-өрісімді кеңейтуге зор септігін тигізеді. Сондықтан, тарих пәнінен болатын жарыстардан қалмаймын.

Сайыс бүгін өз мәресіне жетеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады. Айта кету керек, ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай олимпиадаларды қалада ғана емес, облыс көлемінде өткізуді көздеп отыр.

 

Нұрасыл Ахмет