ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына да тоқталды. Қазақстанда диқандарды қолдау жұмысы әрмен қарай жалғасады. Биыл іскер жандар көл-көсір арзан несиеге үміт арта алмақ. Осы орайда өткен жылдарға шолу жасайық. Бұған дейін мемлекеттік жәрдем көлемі 160 млрд-тан аспады. Көптің қуанышына орай, былтыр 580 млрд теңгеге жетті. Оны отандастарымыз 5 пайыздық үстемеақымен рәсімдеді. Ал биыл қолдау сомасы 1,4 триллион теңгеге жетпек
ДӘУРЕН ТОҚОЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Былтыр қаржылай қолдаудың артуына орай салада жаңашылдықтар пайда болды. Бұрын диқандар ақшаны Аграрлық несие корпорациясы арқылы алып жүрді. 2024 жылдан бастап екінші деңгейлі банктерден және “Солтүстік” ӘКК алады. “Кең дала-2” бағдарламасы іске қосылды. Өте тиімді жоба. Біз осы бастама аясында 37 млрд теңге көлемінде арзан несие бердік. Оны диқандар сәтті пайдаланып, қоймаларын астыққа толтырды.
Ылғал жабу, минералды тыңайтқыш сіңіру және сапалы тұқым себу ісіне де көп көңіл бөлінеді. Соңғылары жайлы толығырақ айтайық. Биылғы егіс жұмыстары үшін аймақта 470 мың тонна дән дайындалған. Ал сіңірілетін тыңайтқыштың көлемі 333 мың тоннадан асып шығылады.
ДӘУРЕН ТОҚОЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Минералды тыңайтқышты тікелей субсидиялау тәсілі пайда болды. Ол 40 та 60 жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни, өнімнің 40 пайызын диқан өтейді, ал қалған бөлігін ауыл шаруашылығы басқармасы өндіруші кәсіпорындарға аударады. Нәтижесінде шаруаның қалтасынан айтарлықтай қаржы шықпайды.
Көпке мәлім, былтыр аймақта рекордтық алтын дән бастырылды. Ал ел қамбасына 26,7 млн тонна астық түсті. Бұл да бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткіш саналады. Қоса кетейік, биыл Қазақстан өнім саудалайтын елдердің санын 40-тан асырмақ.
Байболат Құлтанов