Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар сыналуда. Облыс орталығында мұғалімдер арасында 12 пән бойынша олимпиада өтті. Оған облыстың түкпір-түкпірінен 250-ге жуық ұстаз қатысып жатыр.
АҚЫЛБЕК ОСПАНОВ, қазылар алқасының мүшесі:
– Олимпиаданың негізгі мақсаты – өзінің пәндік деңгейін терең түсініп, меңгеру. Яғни, қарапайым дәстүрлі емес тапсырмалар беріледі, осылайынан оларды сынайтын боламыз.
Қуандық Жолтайұлы Ақжар ауданындағы Талшық орта мектебінде Қазақстан тарихы пәнінен сабақ береді. 7 жылдық тәжірибесі бар педагогтің бүгінгі сайыстан күтері мол. “Мақсатым – жеңіске жету ғана емес, тәжірибе жинап, өзімнің білімімді сынау”,- дейді.
ҚУАНДЫҚ ЖОЛТАЙҰЛЫ, олимпиадаға қатысушы, Ақжар ауданы:
– Бұл олимпиададан дамуды күтемін. Мұғалім оқушыға білім берген соң, өзі де жиі дамып отыруы керек. Сайысқа ұзақ дайындалған жоқпын. Біріншісінде – тест, екіншісінде шығармашылық тапсырма болады. Жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын.
Сонымен қатар, педагог сабақ барысында қолданатын жасанды интеллект және өзінің жетістіктері туралы айтып берді.
ҚУАНДЫҚ ЖОЛТАЙҰЛЫ, олимпиадаға қатысушы, Ақжар ауданы:
– Тарих пәнімен қатар қазіргі таңда өзекті болып жатқан жасанды интеллектіні кіріктіріп өткіземін. Мысалы, тарихи кейіпкердерді сөйлету, анимациялау деген сияқты бірінше жоба бар. Соның барлығын сабақ уақытында жиі қолданамын.
Бұған дейін аудандарда, қала мектептерінде сайыстың бірінші кезеңі өткен болатын. Өз әріптестерінің арасынан топ жарған білікті жандар енді облыстық деңгейде бақ сынауда. Мұғалімдерге берілген тапсырмалар әртүрлі, біреулер тест тапсырса, енді бірі есеп шығарды. Олимпиада бір күн көлемінде өтеді. Жеңімпаздар ертең анықталады.
Мәдина Қаби