Білім

70-тен астам колледж студенті қолына диплом алды

Балалық шақ аяқталып, үлкен өмірге қадам басты. Бүгін Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде айтулы оқиға орын алды. Колледжде 3 жыл 6 ай тәлім алған студенттер білім ордасымен қоштасып, білдей мамандық иесі атанды. Іс-шараның шымылдығы түрлі ән-шашумен ашылды. Содан соң әр студентке біртіндеп дипломдары табысталды.

МАРГАРИТА ЗЕЛЕНАЯ, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің бөлім меңгерушісі:

– Түлектеріміз еңбек нарығында сұранысқа ие. Көбі еліміздегі, өңіріміздегі беделді компанияларда жұмыс істейді. Бүгін міне, студенттеріміз диплом алып жатыр. Бұл мен үшін де толқулы сәт. Шынымды айтсам, ұл-қыздарға үйреніп қалыппын. Қимай тұрмын. 3 жыл 6 айдың ішінде оларға бар білгенімізді үйреттік. Болашақта алған тәлімдерін жұмыс орындарында қолданып, бізді жерге қаратпаса екен деймін.

Бүгін білім ордасын 4 топ, яғни 70-тен астам студент тәмәмдады. Олардың бірі технолог болса, енді бірі – құрылысшылар. Расул Абдулла жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде оқығанына еш өкінбейді. Жігерлі жастың айтуынша, өмірінің ең қызықты кезеңдері осы жерде өткен. Ол алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр.

РАСУЛ АБДУЛЛА, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің түлегі:

– 3 жыл 6 айдың ішінде көп дүние үйрендім. Оқыған мамандығым жайында теория жүзінде толықтай білдім деп айта аламын. Аталған колледжде оқығаныма еш өкінбеймін.

Бәрімізге белгілі, жастардың көбі оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмыс істемей, құр сандалып жүреді. Бірақ, мына студенттерде ондай мәселе туындамайды. Ұл-қыздардың барлығы жұмыспен қамтылатын болады. Себебі, колледж қаладағы түрлі серіктестіктермен меморандумға отырған. Келісім бойынша студенттер білім ордасын тәмамдағаннан кейін компанияларда еңбек етеді. Қыз-жігіттердің жалақысы да аз болмайды.

ӘМІРЖАН ШӘКЕЙ, “Ash stroy” ЖШС директоры:

– Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжі өңір экономикасының дамуына зор үлес қосуда. Яғни, оқу орны саладағы кадр тапшылығын жоюға өз септігін тигізуде. Мәселен, біздің серіктестікке аталған колледжді бітірген жастар жыл сайын келеді. Бүгінгі түлектердің бесеуі келесі аптадан бастап бізде жұмыс істейтін болады.

Жоғарыда айтқандай, түлектердің барлығы жұмыспен қамтылады. Осыған қарап, өңірімізде Президент тапсырмасының ойдағыдай орындалып жатқанын көре аламыз.

 

Нұрасыл Ахмет