Қоғамның қызу талқысына түскен қылмыстық іске әлі нүкте қойылған жоқ. Осыдан үш ай бұрын Петропавлда тұтас отбасыны жауыздықпен өлтірген қаскөйлерге қатысты үкімі шықты. Нақтырақ айтсақ, Сергей Емельянов өмір бойына, Данил Орлов 21 жыл 8 айға, ал Ирина Скоробогатова болса 3 жылға бас бостандығынан айырылған.
Үкіммен зардап шегуші тарап келіспеді. Енді қылмыстық іске байланысты апелляциялық сот отырысы өтіп отыр. Марқұмдардың жақындары соттан бұдан да қатаң жаза сұрайды. Яғни, Орловты да өмір бойына, ал оқиға жайында білсе де ешкімге айтпаған Скоробогатованы 15 жылға бас бостандығынан айыруды қажет деп санайды. Өйткені, олар адам өлтіріп қана қоймай, үйдегі барлық бағалы заттарды ұрлап кеткен.
Ирина Скоробогатованың адвокаты бұнымен келіспейтінін айтты. Ол соттан үкімнің бұрынғыша қалуын сұрады. Себебі, сотталушының мүмкіндігі шектеулі баласы бар. Оған қоса, нәзікжандының саусақ іздері еш жерден табылмапты.
Орлов пен Емельянов болса істегін істерін мойындағысы келмейді. Олар кінәні бір-біріне жауып, өздеріне қатысты сот үкімі жеңілдетілгенін қалайды. Мәселен, Орловты қорғаушы тарап оның тек үйден қажетті құжаттарды, барлық материал сақталған флэшканы алғанын айтты. Ал қылмысқа Сергей барыпты-мыс.
Мәселеге бүгін-ертең нүкте қойылмайтын сияқты. Даулы іске қатысты кезекті сот отырысы 4-ші ақпан күні өтеді.
Нұрасыл Ахмет