Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойылды. Ол ағымдағы жылдың 3 наурызында күшіне енеді. Бұрын заңның ала жібін аттағандардың барлығы Қылмыстық кодекстің 297-бабы негізінде бірыңғай жазаға тартылып келді. Енді есірткіні жасырушылар бірнеше бөлік бойынша жеңілдеу жаза арқалайды. Өзіміз жақсы білетіндей, мұндай қызмет атқаратындардың басым бөліні – аузынан ана сүті кеппеген жастар.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– 1 бөлігі бойынша енді 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болған. Бұл егер адам аз мөлшерде есірткі өткізгені үшін ұсталса. 2 бөлігі бойынша енді 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. Бұл егер адам ірі мөлшерде есірткі өткізгені үшін ұсталса. 3 бөлігі бойынша енді 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.
Яғни, адам аса ірі мөлшерде зиянды затты өткізгені үшін ұсталса, 15 жылға дейін сотталады. Осы орайда қоса кетейік, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, сондай-ақ, лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды. Олар үшін жеке бап енгізілмек.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін немесе бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр және үшіншіден, күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ, есірткіні өндіру, әзірлеу, қайта өңдеу кезінде қолданылатын прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік бірінші рет енгізілуде.
Президент қол қойған заң темір тордың ар жағындағы адамдарға да әсер етеді. Жаңа өзгеріс пен толықтыруларға сәйкес, есірткі қылмысына барғандар бостандыққа ертерек шықпақ.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– Бұл санаттағы адамдардың шартты-мерзімінен бұрын босатуға, сондай-ақ, жазаның өтелмеген бөлігін одан да жұмсақ түрімен ауыстыруға құқығы болады. Бірден айта кетейін, әрбір үкім сотпен дербес қаралатын болады. Бұл үшін сотталушы жазасын өтеп жатқан мекеме әкімшілігінің ұсынымы немесе оның өзінің өтінішхаты қажет. Болжам бойынша есірткі қылмыстарын жасаған 1 мыңнан астам сотталушы осы құқығын пайдалана алады.
Брифинг соңында Асқар Мұхаметқалиев өңірімізге қатысты ақпарпен бөлісті. Болжам бойынша облыста есірткі қылмысы бойынша сотталған 14 адам мерзімінен бұрын жақындарымен қауышпақ.
Байболат Құлтанов