Жұмыс іздегенге – жақсы мүмкіндік. Петропавлда тұрақты табыс көзін таппай жүрген жандар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған түрлі саланың жұмысберушілері қатысты. Полиция департаментіне де кадр қажет. Қатарға жетіспейтін маман саны 400-ге жуықтайды.
РУСЛАН ТАСЫМОВ, СҚО ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы:
– Жастарды жұмысқа шақырамыз. Бізге құқық тануды, дене шынықтыру мұғалімі, орта білімі бар жандар келе алады. Барлығын өзіміз үйрететін боламыз. Жылдам қимылдайтын жасақ мамандары, полицейлер, учаскелік инспекторлар қажет. Бізге Алматы көшесі, 55, 302-ші кабинетке келіп, жұмыс жайлы білсеңіздер болады.
Жалпы, жәрмеңкеге 20-ға тарта кадр іздеген ұйым өкілдері келіп отыр. Қалалық “Мансап” орталығы өкілдерінің сөзінше, қазіргі таңда ақхалатты абзал жандар, құрылысшы, электрик сияқты мамандар тапшы болып тұр.
ДӘУРЕН ЗЕЙНУЛЛИН, қалалық “Мансап” орталығының директоры:
– Біз жәрмеңкеден бөлек, қосымша білім алғысы келетіндер үшін курс өткіземіз. Шаштараз, аспаз, электрик сияқты мамандықтарға оқытамыз. Өткен жылы 90-ға тарта адамды оқыттық. Курстар биыл да жалғасын табады. Одан бөлек жеке бизнесін бастауға ниетті адамдарға да көмектесеміз. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ай сайын ұйымдастырып тұрамыз.
Айта кету қажет, қазіргі таңда “Мансап” орталығы арқылы қалада мыңға жуық бос жұмыс орны тіркелген.
Мәдина Қаби