Экономика және қаржы

Олжас Бектенов: “Ең жоғары экономикалық өсім СҚО-да тіркелді”

Елордада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиын барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына 2024 жылдың қорытындысын баяндады. Былтыр Қазақстан экономикасында өсім тіркелді. Жағымды көрсеткіш 4,8%-ды құраған.

– Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.

Жалпыдан жалқыға көшкен Олжас Бектенов негізгі салалардағы көрсеткіштерді баян етті. Былтыр Қазақстанда 29 ірі зауыт салынды. Арал теңізіне 2 млрд 600 млн м3 су жіберілді, алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды, жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті. Қуантарлығы, ауқымды жұмыс атқарылған өңірлердің көшбасында аққайыңдар өлкесі тұр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Жалпы, өңірлер бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында, жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту, біздің басымдықтарымыз болып қала береді.

 

Байболат Құлтанов