Мемлекеттік нөмір берілген көліктің иесі – Булаево қаласының 35 жастағы тұрғыны Евгений Костенко. Ол «Tank» маркалы мопедін тіркеу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген.
ЕВГЕНИЙ КОСТЕНКО:
– Өтініш бердім, баж салығын төледім, енді міне мемлекеттік нөмірді қолыма алып отырмын. Жолдағы қозғалыс қауіпсіз болуы үшін мопедтерді тіркеу қажет деп санаймын.
Полицейлер көлік иелеріне мопедтерді тіркеуді созбауды, қажет болған жағдайда автомектепте оқу оқып, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алу қажеттігін ескертеді.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталығының бастығы:
– Мопедтерді тіркеу үшін өз мекенжайыңыздағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына келесі құжаттармен жүгіну қажет: жеке басын куәландыратын құжат, ол электрондық түрде болуы мүмкін; мопедтің техникалық құжатын немесе техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді ұсыну; өтініш толтыру, мопедтерді қарап-тексеруден өткізу; мопедтерді тіркегені үшін мемлекеттік баж төлеу қажет.
Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы мопед тізгіндегерді қағып кетудің – 8, ал олардың кінәсінен 16 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 20 адам жарақат алған, оның 13-і – кәмелетке толмағандар. Полицейлер биыл сәуірдің 5-сінен күшіне енетін заңнамадағы түзетулер алаңдатарлық статистиканы азайтуға ықпал етеді деген сенімде.
Данаш Хамза