Былтыр тасқыннан кейін “Бірлік” ықшам ауданындағы үйлерді 14 құрылыс компаниясы бірігіп салған болатын. Соның бірі – “ПРОФ-ИНВЕСТ СТРОЙ” серіктестігі. Баспаналарды салу туралы келісім 2024 жылдың маусым айында серіктестіктер мен құрылыс басқармасы және «Qyzyljar Asar» корпоративтік қоры арасында жасалды. Құрылысшылар жұмысты жоспар бойынша аяқтаса да келісілген қаржының қалған бөлігін әлі күнге дейін ала алмай отыр. Мердігерлердің бірі – “ПРОФ-ИНВЕСТ СТРОЙ” кәсіпорнының директоры Сафуан Нұрмұқанов осы мәселемен облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
САФУАН НҰРМҰҚАНОВ, “ПРОФ-ИНВЕСТ СТРОЙ” ЖШС директоры:
– Ондаған адам учаскеде талмай еңбек етті. Құрылысқа қажетті көптеген заттар алдық. Соның барлығын қор төлеу керек болатын. Ақша жетпей жатыр деп бізді құр уәдемен алдауда. Жалпы, олар біздің кәсіпорынға 118 млн теңге төлеулері қажет. Соның 75 пайызын алдық, енді 25 пайызы қалды.
14 мердігерге 400 млн теңгеден астам сома төленуі қажет. Мәселе Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде талқыланған болатын.
ИНЕССА ҚУАНОВА, СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы:
– Мердігерлер тиісті төлемдерін 3 айдан бері ала алмай жүр. Негізі, заң бойынша үй тапсырылғаннан кейін 5 күн өткен соң ақша толығымен берілуі тиіс. Қорға ақша бөлген – “KAZ Minerals” компаниясы. Олардың айтуынша, тиісті құжаттар толығымен қорға жіберілген. Бірақ, «Qyzyljar Asar»-дың өкілдері толтырылған құжаттар дұрыс емес деп отыр. Біз бұл жағдайды әлі қарастырамыз. Бір аптаның ішінде мәселе шешілмесе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандарына жүгінеміз.
Жалпы, облыстық кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері былтырдан бері 38 өтінішті қарастырған. Нәтижесінде айыпты деп танылған 8 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Мәдина Қаби